ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ҚЫЗДАР ЭКИПАЖЫ ӘУЕГЕ САМҒАДЫ

Әлеумет
Тараз аэродромында маңызды оқиға орын алды – Азаматтық авиация академиясының тарихында алғаш рет тек қана қыздардан құралған экипаж ұшуды жүзеге асырды. Бұл тарихи сәт жайлы Азаматтық авиация комитетінің (АҚК) баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы әйелдер экипажы ұшқыш-нұсқаушы Аделина Луценко және студент Екатерина Степинадан құралды. Қыздар Tecnam 2002 jf бір моторлы оқу ұшағымен әуеге көтерілді. Бұл ұшу академия тарихындағы маңызды қадам және авиация саласындағы гендерлік теңдік мәселесіндегі прогрестің символы болды.
Халықаралық санаттағы тәжірибелі нұсқаушы ұшқыш Аделина Луценко өзінің ұшудан алған әсерімен былай бөлісті: "Әсерім, негізінде әдеттегідей, яғни кез келген студентпен бұрынғы ұшулар кезіндегідей. Бұл мен үшін қалыпты жағдай. Оқу кезінде менде де екі әйел нұсқаушы болған. Соған қарамастан мен үлкен мақтаныш сезіміне бөлендім. Академияның алғашқы әйелдер экипажы болғанымен, дегенмен де бұл жетістікке тек 2024 жылы ғана қол жеткізгеніміз өкінішті-ақ".
Аделина Луценконың есімі қазірдің өзінде кәсіби ортада аса танымал. Ол Испаниядағы Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) сертификатынан өтті, ал бұл оның халықаралық деңгейдегі нұсқаушы ұшқыш мәртебесін растайды. Қазіргі уақытта Аделинаға ұшу тәжірибесі кезінде сүйемелдеуге екі студент бекітілген.
Бұл ұшу Азаматтық Авиация Академиясы үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл авиация саласы үшін маңызды оқиға. Бұл әйелдердің авиация сияқты беделді және жауапты сала мамандықтарына қатысуының маңыздылығы мен қажеттілігін атап көрсетеді. Бұл алғашқы әйелдер экипажы болашақта әуені бағындырғысы келетін қыздар үшін үлгі болады деп үміттенеміз.
Тәжібек Еркежан
Made on
Tilda