ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ШАРДАРА АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ – “БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ”

Әлеумет
Астана төрінде облыстық және аудандық білім саласының басшылары бас қосқан кеңейтілген алқалы жиында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласының өзекті мәселелерін ортаға салып, мемлекет тарапынан ұстаздарға жасалып жатқан қолдауларды кеңінен сөз етті. Ол өз сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңның маңыздылығына тоқталып, бұл құжат мұғалімге ұлттың стратегиялық ресурсы ретінде қарап, жаңа көзқарас қалыптастыруға негіз болғанын атап өтті.
Министр педагогтерді аттестаттау жүйесінің жаңартылғанын, олардың кәсіби дамуына жан-жақты жағдай жасалып жатқанын, сондай-ақ мұғалімдерге тән емес міндеттерден босатылып, еңбегі еленіп жүргенін айтты. Осы бағыттағы кешенді шаралар білім сапасын арттыруға негіз болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, бұл бастамалар жергілікті деңгейде де сапалы жүзеге асуы үшін әкімдік құрылымдарына зор жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.
Осы жиында ұстаздық жолында ерекше табысқа жеткен бірқатар білім қызметкерлеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды. Солардың қатарында – Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы Мұсатаева Жанат Тұяқбайқызы да бар.
Жанат Тұяқбайқызы – педагогика саласында 36 жыл табанды еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне бүкіл ғұмырын арнаған жан. Шардара ауданындағы білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосып, қаншама бастамаларға ұйытқы болды. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда аудан бойынша бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.
Ұжымдағы әріптестері Жанат Тұяқбайқызын талапшыл да табанды, бірақ мейірімді де әділетті басшы ретінде ерекше бағалайды. Ол қызметкерлерге сенім артып, әрқайсысының қабілетін ұштауға жағдай жасай білетін, шығармашылық орта қалыптастыруға шебер ұйымдастырушы. Психологиялық жағымды ахуал туғызып, әр маманның еңбегін әділ бағалай білу – оның басты ұстанымы.
Міне, осындай мінезге бай, іске тұрақты басшының еңбегі ескерусіз қалмады. Бұл марапат – Жанат Тұяқбайқызының ғана емес, Шардара өңіріндегі ұстаздар қауымының ортақ мерейі.

Made on
Tilda