ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Балалар бақытты болуға лайықты

Әлеумет
Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету өз жалғасын тауып, іске асырылып келеді. Мереке қарсаңында аудандық «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мекемесінде аталмыш орталықтың ұйымдастыруымен балаларға арналған «Бар мейіріміміз – балаларға!» атты мерекелік шара өтті.
– «Бар жақсы – балаларға!». Бұл ұран сонау Кеңес кезеңінің ұраны болса да, әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Болашағымыз – балаларға жақсылық жасау ешқашан ұмыт қалған емес. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты өткізуге лайықты, –дейді аудандық «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ басшысы Мұхтар Маканов.
Іс-шарада «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлы: «Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағыт-бағдар жасайтын маңызды шаранын бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Сондықтан барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі, Отанымыздың мақтанышы болуларыңа тілектеспін» - деп ұжым қызметкерлерінің жұмыстарына толағай табыстар тілеп, «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ басшысы Мұхтар Макановты Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, партия филиалы тарапынан балалардың ойын бөлмесіне 2 кілем тарту жасады.
Аталған шараның соңы мерекелік концертке ұласып, орталықтың атынан тегін балмұздақ таратылып, балапандар мәз-мәйрам болды.
Мекеме басшысы балалардың көңіліне қуаныш сыйлаған демеушілерге ата-аналардың атынан алғысын білдіріп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі!
БОТА НҰРПОЛАТҚЫЗЫ
Made on
Tilda