ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жастар орталығы жаңа ғимаратқа жайғасты

Әлеумет

Қазіргі таңда бұл мекеме өзінің іс-шаралар жоспарына сәйкес жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, оларға салауатты өмір салтын насихаттау, жастарға кәсіптік бағдар беру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында талантты, дарынды жастарды қолдау, рухани тәрбиелік маңызы бар мәдени шаралар мен акцияларды қала, ауыл әкімдігі, аудандық полиция, білім, мәдениет, медицина, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бөлімі тағы басқа да бөлім, мекемелермен бірлесіп әртүрлі бағытта бірқатар жұмыстар атқаруда.Мекеме жастары 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы мерекесі қарсаңында үлкен қуанышқа кенелді. Анықтап айтар болсақ, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Тұңғыш Президент саябағында» жаңадан берілген ғимаратқа қоныс аударды. Ғимараттың ашылу салтанатына келген аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудан әкімдігінің аппарат басшысы Жұмасұлтан Бердешов, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Әмзеұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков тағы басқалар мекеме ғимараты алдындағы орталықтың тыныс-тіршілігін, атқарылған жұмыстарды көрсететін баннерлерді аралап көрді.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мейіржан Мұсабеков әр баннерге жеке-жеке тоқталып өтіп, олар туралы толық мәлімет берді.
Келесі кезекте аудан әкімі Арман Қарсыбаев жиналғандарды ғимараттың ашылуымен құттықтап, жас ақындар арасында өткізілген облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Нарбай Бекжұма Матжанұлы, түйе бағу кәсібін жақсы меңгерген қоссейіттік Ізтұрғанов Айтжан Сайлауұлы, ауданда жастар саясатының жүзеге асуына атсалысып жүрген аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ беделді қызметкері, әдіскер Жансейітова Қыздығой Ділдақызы мен орталықтың психологы Бердалиева Айгерім Кенжалықызын Алғыс хаттармен марапаттады.
Сол сияқты аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жаңа ғимаратқа қоныстануына орай аудан әкімі Арман Қарсыбаев орталыққа 10 дана ноутбук сыйға тартты.
Көптен күткен сәт келіп, ғимараттың ашылу салтанатының лентасын аудан әкімі Арман Қарсыбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков қиғаннан кейін жиналғандар ішке кіріп, қызмет бөлмелерімен, қызметкерлердің жұмыс орындарымен танысты.
Made on
Tilda