ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қойылатын талаптар

2025-06-04 16:47 Әлеумет
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме ақы мөлшерін есептеу кезіндегі кәсіпкерлік субъектілердің (сатушылардың) жауаптылығы!
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (бұдан әрі – ӘМАТ) қандай тауарлар жатады?
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен бекітілген.
Оларға:
-бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді);
-рожки (өлшеніп салынатын), қара-құмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын);
-тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын);
-картоп;
-асханалық сәбіз;
-басты пияз;
-ақ қауданды қырыққабат;
-ақ қант – құмшекер;
-күнбағыс майы;
-сиыр еті (сүйекті жауырын – төс бөлігі);
-тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік);
-пастерленген сүт;
-майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада;
-майлылығы 2,5%, айран, жұмсақ қаптамада;
-сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ);
-тауық жұмыртқасы (І санатты);
-ас тұзы («Экстра»-дан басқа);
-сүзбе, майлылығы 5-9% жатады.
Сатушы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын алып сату барысында сауда үстемесінің мөлшерін қанша пайыздан асырмауы тиіс?
Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-ба-бының 1-тармағына сәйкес тауар бағасы Қазақстан Республикасының аумағында жария шарт жағдайларында оны өткізу кезінде теңгемен көрсетіледі.
Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларын беру шарттарын жасасу кезінде шектi сауда үстемесiнiң мөлшерi мiндеттi түрде белгiленуге тиiс. Осы талап бұзылып жасалған мәмiле жарамсыз болады.
Ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген, өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін сатушы 15 пайыздан асырып сатқан жағдайда сатушыға (ішкі сауда субьектісіне) қандай шара қолданылады?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-4-бабының 1-бөлігіне сәйкес ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сауда үстемесінің мөлшерін арттыруы жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Ал, қайталанған жағдайда осы баптың 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін қандай ақпарат көздерінен көруге болады және шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінен асқан жағдайда сатушыға (ішкі сауда субьектісіне) қандай шара қолданылады?
1."Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына, "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы №282 бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарла-рына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілеу қағидаларының 7-тармағына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11245 болып тіркелген) сәйкес бекітілген қаулыны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде енгізіледі.
2. Шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінен асқан жағдайда сатушыға (ішкі сауда субьектісіне) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 202-бабына сәйкес ішкі сауда субьектісінің сауда қызметін реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Сауда базары әкімшісінің сауда базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін ішкі сауда субъектілерінің назарына жазбаша нысанда жеткізбеуі ескерту жасауға алып келеді, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Мысал: «С» есімді азамат дүкенге кіріп 3 кг картоп алады, сатушы 3 кг картопқа 1500 теңге төлеуін айтады. «С» есімді азамат таңырқаулы күйде картоптың ақшасын төлеп чекті қоса беруін және картоптың бағасы неге басқа дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін сұрайды. Сұрағына толық жауап ала алмаған тұтынушы осы өңірдегі уәкілетті органға арыздануға құқылы.
Уәкілетті орган заң талаптарына, тұтынушының арызының негізіне сәйкес ішкі сауда субьектісіне жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде анықталған құқық бұзушылық бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-4-бабына сәйкес тиісті шарасын беріп, аталған кемшілікті жою туралы іс шараларды жасайды.
Құрметті Тұтынушы, Сізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының тұрақтануының себепкерісіз! Өз құқықтарыңызды қорғай біліңіз!
С.КЕНЖЕТАЙҰЛЫ - Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттің бас маманы.