ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ерекше жандар арасында ауданаралық жарыс өтті

Әлеумет
Қаладағы орталық стадионда, Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай, аудандық «Қасиет» қызметтер көрсету орталығы мен «Шардара аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бильярд, дойбы, шахмат және тоғызқұмалақ ойындарынан ауданаралық жарыс ұйымдастырылды.
Жарыстың шымылдығын аудандық спорт бөлімінің басшысы Нұрқанат Кеңесов пен «Шардара аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Ерназар ашып, қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.
Тартысты да қызықты өткен бәсекеде дойбыдан мақтааралдық Толқын Рабиев бірінші орынды иеленсе, шардаралық Қуаныш Бекпенбетов екінші, жетісайлық Сейдалиева Сәуле үшінші орынға табан тіреді. Шахматта мақтааралдың Әріпхан Жантеков топ жарып, бірінші орынның тұғырынан көрінді, жетісайлық Жүсіп Құдайбергенұлы екінші, шардаралық Изатулла Құрманбек үшінші орынның жеңімпазы атанды. Бильярдтан мақтааралдық Гаухарбек Алипов жеңіс туын желбіретіп, бірінші орынға қол жеткізсе, жетісайлық Ұлан Жанбаев екінші, шардаралық Сәрсенбек Есалиев үшінші орынға тұрақтады. Ал тоғызқұмалақтан шардаралық Айпаршын Бигелова қарсыластарын шаң қаптырып, бірінші орынды иеленді, мақтааралдық Темір Мүсілім екінші, шардаралық Өнербай Төребаев үшінші орыннан көрінді.
Барлық жеңімпаздарға «Шардара аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Ерназар дипломдар мен медальдар және арнайы сыйлықтар табыстады.
– Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында көктемгі «Көрісу» күнінде шардаралық әріптестерімізбен жүздесіп, спорттық жарысқа қатысып, керемет көңіл-күйге бөлендік. Мұндай игі шара тек көрші аудандармен ғана емес, жалпы өңірлер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайта түседі. Ұйымдастырушыларға деген алғысымыз шексіз, – деді жетісайлық спортшы Жүсіп Құдайбергенұлы.
Жарысқа қатысушыларға қаладағы дәмхана меңгерушісі, кәсіпкер Ербол Қожамұратов пен Мадина Мырзабекова дастархан жайып, қонақжайлылық көрсетті.
Спортты жанындай сүйетін ерекше жандарға алдағы уақытта да тек табыстар мен толайым жеңістер тілейміз.
Ж.ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda