ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Кәсіподаққа деген сенім артып келеді

Әлеумет
Берекелі де мерекелі болған Ұлу жылын шығарып салып, түсі суық болғанымен халыққа жайлы болып келетін Жаңа – Жылан жылын күтіп алар шақта барша аудан халқы мен кәсіподақ мүшелерін Жаңа Жыл мерекесімен құттықтаймын!
Жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік қорғау, демалыстарын ұйымдастыру жұмыстарын атқаратын, болашағы бағдарлы, келешегі кемел күндерге нық сеніммен, нақтылы мақсатпен қарайтын асыл жандардың жанашыры – кәсіподақ ұйымы. Сонымен қатар мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғайтын орган. Оған деген кәсіподақ мүшелерінің сенімі мен үміті де артып келеді.
Қазіргі таңда аудандық кәсіподақ комитетінде 48 бастауыш ұйым, онда 1614 кәсіподақ мүшесі бар. Оның саны жыл сайын артуда. Жыл сайын өздерін жұмыста көрсете білген кәсіподақ мүшелері мерекелерде мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымы жетекшісі атынан жетістіктері аталып өтіп, бағалы сыйлықпен, аудандық, облыстық, орталық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен, медальдарымен, «Алғыс хаттарымен» марапатталуда, демалыс орындарына жіберілуде. Сонымен қатар кәсіподақ комитетінің ұйымы көптеген шаралар өткізді.
Кәсіподақ ардагерлері мен жастар арасында «Ағалар салған сара жол» атты волейбол, дойбы, шахматтан спорттық жарыс, «Жарасымды жанұя» отбасылық спорттық сайысы, «Ананың жүрегі – әлемнің тірегі», Денсаулығы сәбидің – қуанышы әр үйдің», «Бақытты балалық шақ», «Балабақшамен қоштасу», отбасы күніне орай «Толағай» отбасылық сайысы өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, кубоктар, грамота мен медалдар табысталды.
«Мектепке жол» акциясы аясында 7 оқушыға 350 мың теңгенің мектепке қажетті құрал-жабдықтары әперілді. 10 қазан – Кәсіподақтардың кәсіби мерекесіне орай спорттық шаралар өткізілді. Бұл кәсіподақтардың үлкен бір ұжым екендігін, ұйымдаса жүріп көп істі атқара алатындығын көрсетеді.
Бүгінгі жетістігіміз ертеңгі күнге меже емес. Алдағы уақытта мұнан да ауқымды шаралар қолға алына бермек. Сол жұмыстарды бірге атқаратын кәсіподақ мүшелерін Жаңа жылмен құттықтап, атқарып жүрген жұмыстарында мол жетістіктер, өздеріне мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін.
Бақыткүл БИМАНОВА –
«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы Шардара аудандық комитетінің төрайымы
Made on
Tilda