ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АРДАГЕРЛЕР РУХАНИ ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

Әлеумет
Аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков Көксу ауылындағы С. Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектеп ұйымдастырған С. Ерубаевтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Жарқ етіп аққан жұлдыз» атты шараға қатысты. Мерекелік іс-шараға сонымен қатар Көксу ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы А.Әбілда, шардаралық еңбек ардагері Тұрғанбек Қалдарбекұлы, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Н. Смаилов, мектеп түлегі М. Сыздықовтар қатысып, 7 «ә» сынып оқушылары дайындаған кереметтей шараның куәсі болды. Атап айтқанда, 7 «ә» сыныбына жетекшілік ететін Роза Полатова бастаған оқушылар жарқ етіп аққан жұлдыз ақынның шығармаларынан үзінділер оқып, оның небәрі 23 жасында дүниеге әкелген «Менің құрдастарым» атты романына терең талдаулар жасады. Өз кезегінде оқушылар өнеріне тәнті болған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Бердібеков іс-шара туралы және С. Ерубаевтың қысқа да, аса мағыналы өміріне қатысты әсерлі әңгіме айтып берді. Аталған шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан мектеп ұстазы Сәбит Әжіханұлы көпшілікке арнаған өзінің жыр жолдарын тебірене оқып, Саттар атасының рухын тербеп өтті. Саттар Ерубаевтың мерейтойына орай өткен шарада мектеп директоры Б. Қарсақбай, ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы А.Әбілда, еңбек ардагері Т. Қалдарбекұлы және М. Сыздықовтар құттықтау сөздерін айтып, оқушылар мен ұстаздар ұжымына ізгі тілектерін арнады. Маңызды шараның соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Бердібеков марапаттау рәсімін өткізіп, мектеп директоры Б. Қарсақбай, мектеп ұстаздары С. Әжіханұлы мен Б. Қалдыбектерге «С. Ерубаевқа 110 жыл» төсбелгілерін табыстады. Сонымен қатар 7 «ә» сыныбының жетекшісі Р. Полатова мен барлық оқушылар «Көк түріктер қағанаты республикалық қоғамдық қоры» атынан арнайы алғыс хаттар иеленді.
Алдан Құдайбергенов –
Аудандық Ардагерлер кеңесінің қызметкері
Made on
Tilda