ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Газет – рухани азығымыз

Әлеумет
Бүгінгі мақаламызды өткен шақтан бастаудың реті келді. Бәрімізде мектеп оқушысы болдық. Аптасына бір келетін «Қазақстан пионері» мен «Спорт» газетіне жазылғанымыз бар, жазыла алмағанымыз бар бір-бірімізден сұрап оқып, жарияланған мақалаларды өзімізше талқылап, жанымызды, санамызды рухани байытатынбыз. Бір қу оқушылар газеттің жаңа шыққан бір санын Оңғар ағайдың столына жайып қоятын. Ағай болса газеттегі жарияланымдарды оқып отырғанда, сабақ бітіп қоңырау соғылғанда «А, уақыт бітіп қалды ма? Кешегі сабақты қайталап келіңдер» деп газетті өзімен бірге қалғанын оқуға ала кететін.
Бұл құштарлық бізде мектеп бітіргеннен соң да қалмады. Атына мініп, газет тарқататын пошташы ағаның газет әкелетін күнін асыға күтіп жүретінбіз. Басылымды қолымызға алып, көз жүгіртіп, ондағы рухани байлықты, тура көзқарасты, әділдік пен ақиқатты, өзімізге қажетті жаңалықтарды іздеп тауып, өзгелермен бөлісетінбіз.
Кейіннен нәсіп болып газетке жұмысқа орналастық. Газет оқып отырып тамақ ішпесек, асымыз батпайтын. Жұмысқа келгенде де алғаш келген газеттердің жаңа санына бір-бір көз жүгіртіп шығатынбыз.
Әлеуметтік желі, интернет, теледидардың жоқ кезінде атақты күрішшілер «Даңқ» орденінің толық иегері Феруза Өтемісова мен Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты Тоты Жәдігерова, чемпион шопандар Дәуек Сүгірбаев пен Жақсылық Әбдірәсілов, бульдозерші Кеңестік «Ленин» орденінің иегері Борис Сюксиндер алғаш рет аудандық газет арқылы елге танылып, еңбектері дәріптеліп, кейіннен есімдері тарихта қалды. Аудандық газеттен, республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті мен «Ара» журналына дейін «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деген айдармен талай мақала жаздық. Нәтижесінде сынымыз нысанаға дөп тиіп, мініміз түзеліп жатты. Оған көпшілік ризашылығын білдірмесе ренішін білдірген жоқ. Тіпті, кейбірі «Рахметін» айтты. Өйткені кеңестік кезеңнің соңында біздің «Жемқор» деп жазғандарымыздың қызметі өсті. Өйткені жоғарғы жаққа жейтіндер керек екен. Өзі жемеген жоғарыға қайдан бірдеңе берсін.
Ел іші кең ғой. Олардай жемесе де аздап жеп, өтпеген нәрсені өтті деп, болмаған нәрсені болды деп құжаттарын «қиыстырып» қоятындар әлі де жоқ емес. Олар туралы білмейді емеспіз, білеміз. Мектепте, балалар бақшасында да не болып жатқанын білеміз. Бірақ олар туралы жазып қызметтерін өсірейік десек «антикор» деген жолды қиып тұр.
Газет біреуді қаралаушы, немесе ақтаушы орган емес. Ол тек моральдық жағынан өзінің қай іске болса да көзқарасын білдіреді. Сын жазғандағы мақсаты біреуді кемсіту, немесе орнынан алдырып тастау емес. Сын арқылы кемшілікті жою. Кемшілікті мен айтпасам, сен айтпасаң, ол айтпаса, сонда кім айтады? Қашанға дейін «Жауырымызды жаба тоқи» береміз? Кемшілік қалай түзеледі?
Айталық, газет редакциясы аудандық бөлімдерге, мекемелерге, мектеп, балабақша, ауыл әкімдіктеріне газетке, баспасөзге жазылу бойынша хат жібереді. Бірақ, ол хат тіркелмейді де. Тіркелмеген соң оған жауап та берілмейді. Бұлай дейтініміз егер хат тіркелген болса онда оған міндетті түрде шығыс хат, жауап келген болар еді. Бұндай хаттардың судай сіңіп мекемеде жоқ болып кетіп, жауапсыз жатқаны қаншама. Басшының кемшілігі ме? Әрине, кемшілігі.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүргізіліп жатқанына біршама уақыт болды. Ол туралы газетте, теледидарда әлеуметтік желілерде күн сайын жарияланымдар болып жатыр. Бірақ әлі көбіміздің санамыз оянбай жатыр. Қоғамдық жұмыс жасаушылар мемлекеттік қызметкерлер мен қариялары бар үйлердің алдын сыпырып, шөбін шауып жүр. Білдей бір мекеменің басшысы болуы керек мойнына галстук таққан бір азамат қымбат жеңіл көлігінің әйнегін ашып, судан босаған ыдысын қоғамдық жұмысшыларға «Мә» деп лақтырып барады. Бұл да кемшілігіміз бе? Әрине, кемшілігіміз.
Жыл сайын қаланы көріктендіруге, көгалдандыруға қаншама қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылып жатыр. Ал соны бағалап, үлес қосып жатырмыз ба? Жоқ, әрине. Түнді қойып малымызды күндіз жайып жүрміз. Бұл кемшілік емес деп қайсысыңыз айта аласыздар? «Өзімдікі болса болды, басқада шаруам жоқ» деген ойдан қашан арыламыз. Біз жазсақ бұларды кемшілік деп емес, басқалар газеттен оқып осылай жасамасын деп жазамыз, Бес саусақ бірдей емес қой. «Осылай істесек те бола береді екен» деушілер де табылады. Бұлай істемеу керек деп жазсақ керісінше соны істейді. Санамыз қашан, қалай өзгереді? Сонда қайда бара жатырмыз бұл санамызбен.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қай жерде кездесу өткізсе де үнемі «Кемшілікті жасырмай айту керек» дейді. Өйткені кемшілікті жасыру қылмыспен тең. Қазіргі таңда басшылардың жетістікті тілдерінің жеткен жеріне дейін дәріптеп, кемшілікті көлеңкеге тастап кетуі жасырын емес. Қоғамның дамымай, халықтың қабағының ашылмай жатқаны да сондықтан.
Осы жақында ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газеттерге жазылу мәселесін қолға алу керектігін көпшіліктің алдында атап айтты. Бұл сөзді қарамағында 15-20 қызметкері бар кейбір ауыл әкімдері мен мекеме басшылары жете түсінуі керек еді. Бірақ рухани ойларының таяздығынан ба, аудандық газетке өздері де, мекеме қызметкерлері де жазылмай отырғандығын түсіне алмағандығымызды қалай жасырамыз? Керісінше бізге ауданнан тыс жекеменшік газеттерге көбірек жазылады екен деген ақпараттар да келіп жатыр.
А.Байтұрсыновтың «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп артында қалдырған ұлағатты сөзі әлі де өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Олай дейтінім, өткенде бір құдайы аста атақты Жексенбай шабандозбен дастархандас болдым. Өзімен қатарлас үшеуі үш газет-журналдардан жазылып, бір-бірімен алмасып оқиды екен. Қасындағы досымен «Сен өткендегі газетті әкеп бермедің» деп дауласып отырды. Қайран, қарияларым-ай!
Аудандық газет - аудан өмірінің айнасы. Мемлекеттік бағдарламалар мен аудандағы атқарылған, атқарылатын жұмыстарды әр отбасына жиналыс жасап жеткізу мүмкін емес. Оны әр отбасыға тарқатылатын аудандық газет қана жеткізіп бере алады. Олай болса аудандық газет – «Шартарап-Шарайна» әрбір отбасында болып, жағымды жаңалықтарымен қуанта берсін дейміз.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ,
ҚР Журналистер
Одағының мүшесі
Made on
Tilda