Қазақстанның тәуелсіздігін айқындайтын басты белгілердің бірі – мемлекеттік рәміздер. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ретінде 2007 жылдан бастап ресми түрде аталып өтеді. Бұл күн – халқымыз үшін тарихи, саяси және тәрбиелік мәнге ие күн. Қаладағы «Шежіре» саябағындағы рәміздер алаңында рәміздер күніне арналған іс-шарада Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін алғашқы құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін білдіретін қасиетті ұғымдар, олар – мемлекеттің тарихы, дәстүрі, болмысы мен болашағын айқындайтын символдар екенін атап өткен аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков: – Туымыздың көк түсі – бейбітшілік пен тұрақтылықтың белгісі. Ортасындағы алтын күн мен қыран – еркіндік пен болашаққа деген сенімді білдіреді. Тудың сабындағы ұлттық өрнек – қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрінің көрінісі. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков, – деді. Сонымен қатар Елтаңбаның ортасында шаңырақ бейнеленген, ол – ортақ Отанымыздың символы. Оны айнала қоршаған уықтар – халықтың бірлігін білдіреді. Қанатты тұлпарлар – еркіндік пен алға ұмтылудың белгісі.