ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Аудандық ардагерлер кеңесінің V пленумы өтті

Әлеумет
Аудандық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс V пленумы болып өтті. Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, мекеме, ұйым басшылары қатысты. Пленумды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков ашып, жүргізіп отырды. Пленумның күн тәртібіндегі бірінші мәселе Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байулла Рахматуллаев, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет баяндама жасады.
Байдулла Рахматуллаев Мемлекет басшысының бұл Жолдауын бұрынғы Жолдауларының жалғасы деп білетінін, сонымен қатар Жолдауда көптеген, яғни жүзге жуық мәселенің қамтылғанын, өйткені түрлі бағыттағы бағдарламалардың бастауы осындай Жолдаулардан алынып, халықтың тұрмыс жағдайын арттыру, жүйелі экономиканы дамыту жайлы Жолдауда қамтылатыны жайлы атап өтті. Ережеп Құдайбергенұлы:
– Мемлекет басшысының әр Жолдауының өзіндік маңызы бар. Өткен жылғы Жолдауы бойынша көптеген заңдар қабылданды. Айталық, балалардың есеп шоттарына қаржы аудару, отбасылық зорлық-зомбылық, әлеуметтік жағдайды көтеру бойынша заңдар қабылданды. Биылғы Жолдауда да тоғыз бағыты көрсетіліп отыр. Оның ішінде елге инвестиция тарту, банк жүйесін реттеу, кадр мәселесін жетілдіру жөнінде айтып өтті, – деп сонымен қатар 6 қазанда өтетін жалпы халықтық референдумды өткізу жөніндегі аудандық штабтың басшысы ретінде референдумды өткізу себептерін түсіндірді.
Ардагерлер Жолдауда қамтылған тоғыз бағыт бойынша да өз қолдауларын білдірді. Алдағы кезде Жолдауды бастауыш ардагерлер ұйымы арқылы бұқара халыққа насихаттауға қаулы қабылданды.
Кезекті екінші мәселе – Әкелер мектебі мен Әжелер алқасының «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» атты тақырып аясында Әкелер мектебі төрағасының орынбасары Тоқсанбай Тасыбеков баяндама жасап атқарылған, алда атқарылатын жұмыстар, оған ардагерлердің атсалысуы жөнінде айтып өтті.
Келесі кезекте Тоқсанбай Бердібеков бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстары туралы және бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларын, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы медиаторлар төрағасын сайлау бойынша хабарлама жасады.
Алдағы кезде Алатау батыр ауылдық округіндегі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қуан Сейсеннің жұмысын насихаттау бойынша семинар өткізу қажеттілігін атап өтіп, Тұрысбеков ауылына Сүлеев Тағабай, Қоссейіт ауылына Айдынбаев Еркінбек, Сүткент ауылына Үсіпбаев Шалабай, Қызылқұм ауылына Кұлиев Ораздың бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, Жалғас Нұрымбетті аудандық медиатор болып бекітілгенін хабарлап, ұсынысымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков пен «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Аббаз Тұрғымбаевты аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері болып қабылданды.
Пленумда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков, «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Аббаз Тұрғымбаевтар ардагерлерге жасалып жатқан қолдаулар мен алдағы 1 қазан – Қарттар күніне орай өткізілетін шаралар жөнінде айтып өтті.
Сол сияқты пленум соңында мерей жасқа толған ардагерлер марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков 80 жасқа келген Ақмұрат Абубакиров пен 70 жасқа толған Ибрагим Бектұрсыновты Алғыс хатпен марапаттап, шапан жауып, «Құрмет. Абырой. Бірлік» қоғамдық бірлестігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалін табыс етіп, ұзақ өмір, отбасыларына амандық тіледі.
Жиынды қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов ардагерлердің алдағы жұмыстарында жетістіктер тіледі.
Made on
Tilda