ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР» Шардарада батагөй қариялар байқауы өтті

Әлеумет
Ауданымызда ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрімізді жаңғыртқан айтулы шара өтті. Аудандық Мәдениет сарайында Шардара ауданының 60 жыл-дық мерейтойы аясында "Батаменен ел көгерер" атты батагөй қариялардың байқауы ұйымдастырылды. Бұл игі шара халық арасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан батаны жинақтау, қазыналы қарияларымызға құрмет көрсету, сондай-ақ өскелең ұрпаққа ұлттық дәстүрді насихаттау мақсатын көздеді.
Бабалардан жеткен асыл сөз – бата, бұл тек тілек емес, елдің рухани айнасы, тағылымы мол аманаты. "Жақсы сөз – жарым ырыс" демекші, бата – адамның бағы мен берекесінің бастауы. Көш бастар көсемдеріміз, елге тұтқа болған даналарымыз бата арқылы ұрпаққа өнеге қалдырған. Күміс көмей қа-рияларымыздың берген батасы – өмірдің жарық шамшырағы, адасқанға жол сілтер шамшырақ іспеттес.
Байқауға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, "Құрмет" орденінің иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы, "Батаменен ел көгерер" республикалық байқауының Түркістан облысы бойынша жеңімпазы, "Қасиет"әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы Ілесов Қыстау Інайұлы төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Алтынбек Ізтілеу Шаншарұлы, Шардара ауданының Құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Биту Жанайдар Әнуарұлы болды.
Ақсақалдарымыздың ақ батасын тыңдап, олардың даналыққа толы сөздерінен сусындаған жас ұрпақ ерекше рухани азық алды. Бата – тілектің ең ізгісі, әрбір істің берекесін еселейтін киелі сөз. "Баталы ер арымас, батасыз іс жарымас" дегендей, бата алу – үлкен мәртебе, ал бата беру – үлкен жауапкершілік. Қарттарымыздың береке мен бірлікке, ізгілік пен адалдыққа шақырған сөздері тыңдаған жанның жүрегіне шуақ болып құйылды.
Байқау барысында Қазылар алқасының төрағасы Қыстау Інайұлы бата берудің маңызын тілге тиек етті.
– Бата – халықтың рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылық. Біздің мақсатымыз – осы мұраны жаңғыртып, жас ұрпаққа аманат ету. Әрбір бата – өмірдің мәнін, жақсылық пен ізгілікті дәріптейтін даналық сөздер. "Баталы үй – берекелі, дуалы сөз – мерекелі" демекші, батаның құдіретін ұмыт-пай, ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Осы байқауға қатысқан барлық ақсақалдарымызға алғысымды білдіремін. Барлығы да өздерінің көркем сөздерімен, жүрекжарды баталарымен бізді тәнті етті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табуы тиіс, – деп атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Алатау батыр ауылынан Тілеков Нұрбаулы атамыз иеленді. I орын Егізқұм ауылынан Аскаров Шайахмад атамызға бұйырса, II орынды Қ.Тұрысбеков ауылынан Ақберді Базарқұл атамыз жеңіп алды. III орынды Көксу ауылынан Еримов Кадірхан атамыз бен Қоссейіт ауылынан Суясинов Халнияз атамыз өзара бөлісті. Сонымен қатар, аудан әкімінің арнайы жүлдесі Шардара қаласынан Сламидинов Бердіхан атамызға табысталды. Ынталандыру сыйлықтарына Сүткент ауылынан Дауренбаев Рахматулла атамыз бен Ұзын-ата ауылынан Есимов Ахмет атамыз ие болды. Барлық қа-тысушылар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жаңғырып жатқан ұлттық құндылықтарымыздың бірі – бата беру дәстүрі. Бұл ізгі амал жас ұрпаққа тағы-лым болары сөзсіз. Қазіргі таңда бата беру үлгісін жаңғыртып жүрген ақсақалдарымызға алғысымыз шексіз. "Батамен ел көгерер, жаңбыр-мен жер көгерер" дегендей, ақсақалдарымыздың ақ батасы еліміздің өркендеуіне, бірлігіміздің нығаюына үлкен үлес қосатыны анық. Баталы елдің бағы артып, рухани кемелдене берсін!
А.ҚАРАУЫЛ
Made on
Tilda