ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Мейірімділік – жүректен»

Әлеумет
Өткен аптада «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтетін мүмкіндігі шектеулі ерекше жандар күніне орай "Мейірімділік – жүректен" атты іс-шара өтті.
Ерекше жандардың құрметіне ұйымдастырылған бұл шара – оларды әлеуметтік, саяси, шығармашылық және мәдени өмірге тартуға, сонымен қатар құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған.
Мүмкіндігі шектеулі ерекше жандар тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбай, түрлі салаларда еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.
Оған орталықтан қызмет алушы шебер қыздардың қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі іс-шараларға қатысуы және мүмкіндігі шектеулі ерекше жандардың орталықта ұйымдастырылған түрлі спорт байқауларына қатысып, жеткен жетістіктері дәлел.
Мерекелік кеште Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков және орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Қуаныш Ерназар құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара барысында орталықтан қызмет алушы ата-әжелер әсем әннен шашу шашып, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар мереке қарсаңында орталықтың қызметкерлері қызмет алушы ардагерлер арасында бильярдтан жарыс ұйымдастырды. Оған «Шардара ауданының Құрметті азаматы», еңбек ардагері Биту Жанайдар демеушілік жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша жасы 70-ке дейінгі ардагерлер арасында І орынды Талипов Бейдулла, ІІ орынды Қойбағаров Оразбай, ІІІ орынды Бигелов Орынбасар жеңіп алды. Жасы 70-тен асқан ардагерлер арасында І орынды Мырзагелдиев Тәжібай, ІІ орынды Ақберді Оралбай, ІІІ орынды Ағманұлы Тәңірберді, Жүнісбеков Жардазмет өзара бөлісіп алды. Жүлделі болған ардагерлерге Диплом, медальдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Мерекелік кеш қаламыздағы «Жадыра» кафесінде жалғасын тауып, ерлі-зайыпты Қожамұратов Ербол мен Мырзабекова Мадина демеушілік жасап, мүмкіндігі шектеулі ерекше жандарға дастарқан жайды.

А.ТӘЖІ
Made on
Tilda