ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АЛАТАУ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕРІ БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Әлеумет
«Жақсы адам жақсылығын жасаса, оның еңбегі елге өнеге», – деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Бұл сөздің дәлелі ретінде Алатау батыр ауылдық округінің 2005 жылғы түлектері дәл осы ұстанымды көркем түрде дәлелдеп, көпбалалы отбасыға жаңа үй тарту етті. Мұны қайырымдылық пен мейірімділіктің, адалдық пен адамгершіліктің нағыз үлгісі деуге әбден болады.
Салтанатты рәсімге ауылдың қадірменді ақсақалдары – Мұсабек Жолан, Сарыпбеков Рахымбай, Қарсақбаев Тайырхан, ауылдық округ әкімінің орынбасары Тасов Сабит, аудандық мәслихат депутаты Қарабаев Ержан және ауыл тұрғындары бір кісідей қатысып, ізгі іске куә болды.
Түлектер тұрғын үйдің кілтін жалғызбасты ана, бес баланы тәрбиелеп отырған Ускебаева Салтанат Орынбасарқызына салтанатты түрде табыс етті. Баспана іші заман талабына сай толық жөндеуден өткізіліп, жаңа жиһаздармен жабдықталды. Көпбалалы отбасының балаларына қажетті киім-кешектен бастап, асүйге қажетті ыдыс-аяққа дейін мұқият әзірленіп, тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шаруалар түлектердің өз қолымен жүзеге асты. Сондай-ақ олар бірнеше күнге жететін азық-түлік қорын да жеткізіп берді.
Түлектердің бұл қайырымдылық қадамы ауыл ақсақалдары мен зиялы қауымның үлкен алғысына бөленді. Жаңа баспананың иесі болған Салтанат Орынбасарқызы да жүрекжарды қуанышын бөлісіп, түлектерге шексіз ризашылығын білдірді.
"Шартарап–Шарайна" – ақпарат
Made on
Tilda