30 тамыз – Қазақстан Республикасының Ата заңы, Конституциясы күні мерекесіне орай аудандық мәдениет сарайында «Азат елдің айбыны – Ата заң» атты мерекелік шара өтті.
Мерекелік жиынды аудандық мәдениет сарайының қызметкерлері Абзал Құралбаев пен Эльвира Икрамбай жүргізген іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен бастау алды.
Мерекелік шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті жерлестер, ардақты ағайын! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – мемлекетіміздің Ата заңын қабылдаған, халқымыздың тарихи таңдау жасаған күні. Осыдан 29 жыл бұрын жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ел болып қалыптасуға, мемлекетіміздің экономикалық өрлеуіне зор үлесін қосты. Заман талабына сай мемлекет пен қоғамның, халықтың талап-тілектерінің, сұранысының да сипаты өзгереді. Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс беріп, бұл ұсыныс барша қазақстандықтар тарапынан түгел қолдау тапты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан Жаңа дәуірге қадам басты. Өзгерістер Конституцияның баптарының 3/1- не әсер етіп, түзетулердің маңызды блогы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты сақтауға бағытталды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақастан Республикасының Конституциясы – халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналатынын айтқан болатын. Сондықтан Конституцияны құрметтеу және ұлықтау – біздің басты парызымыз, - деді Бауыржан Қуанышбайұлы.
Мерекелік шарада Бауыржан Шомпиев аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан ауданымыздың дамуына елеулі үлестерін қосып жүрген Асхат Асқарұлы, Нұрбек Дүйсенбекұлы, Төлеби Сапарғалиұлы, Серік Оңалбайұлы, Перизат Кәрімқызы, Бақыт Нұрақұлы, Ұлбосын Нұрмаханқызы, Шынболат Назарбайұлы, Мейрамбек Ерғазыұлы, Оразалы Сапарұлы, Тұңғышбай Тілеубердіұлы сынды бірқатар азаматтарға «Алғыс хаттар» табыстады.
Мерекелік шара барысында облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның әншілері Азамат Алиакбарұлы және Әсел Қожанова, аудан өнерпаздары Нұржан Жығалиев, Әділғазы Ибрагимов, «Мерей» фольклорлық ансамблі, «Әншілер» тобы әннен шашу шашып, Жұмакүл Сәрсекенова мен Сәттібек Жолдасбеков күй орындап айтулы мерекенің көркін қыздыра түсті.
Аяжан ТӘЖІ