ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Депутаттар – халық пен билік арасындағы алтын көпір

Әлеумет
Ел егемендігін алған кезеңнен бері еліміз тарихи жаңғыру мен тың серпілістер дәуіріне аяқ басты. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап мемлекетіміздің барлық саласы түбегейлі өзгерістерге ұшырады.
Шардара ауданы құрылғанына биыл 60 жыл толып отыр. Осынау алты онжылдық мерзім ішінде ауданымыз экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қарыштап дамып, өзіндік даму жолын қалыптастырды.
Шардара ауданының тарихы тәуелсіздік алған кезеңмен тығыз байланысты. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ауданымызда да маңызды өзгерістер орын алды. 1994 жылы атқарушы билік рөлін атқаратын әкімдіктер құрылып, жергілікті өкілетті орган – мәслихат құрылды. Осылайша, халық қалаулылары ауданның дамуына өз үлестерін қоса бастады.
Шардара ауданының дамуында мәслихат депутаттары маңызды рөл атқарады. Олар халықтың барлық топтарының мүддесін қорғап, жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қолдау көрсету бағытында жұмыс істеуде.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай өзгерістер болды. 2009 жылы аудандық бюджетте 49 нысанға 1 млрд 208 млн теңге бөлінсе, 2024 жылы 19 нысанға 4 млрд 575 млн теңге қаралды. Бұл қаражаттар ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелерді еңсеруге жұмсалды. Атап айтқанда, ауданды газдандыру, таза ауызсумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу және коммуналдық саладағы көптеген мәселелер біртіндеп шешімін табуда.
Сегізінші шақырылым мәслихат депутаттарының қызмет кезеңі елімізде жүріп жатқан ауқымды саяси өзгерістермен тұспа-тұс келуде. Сол өзгерістердің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде үкімет пен қоғам арасында ашық және айқын өзара іс-қимыл арналарын қалыптастырып, шешім әзірлеу мен қабылдау кезінде халықтың үнін естіп, ескеретін мемлекеттік басқару жүйесін құру.
Осы орайда мәслихат депутаты – атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы алтын көпір. Мәслихаттың басты міндеті – жергілікті мәселелерді шешуге белсене араласып, халықтың мұқтажына құлақ асу және қордаланған түйткілдердің түйінін тарқатуға ұйытқы болу.
Шардара ауданының құрылғанынан бастап, осы 60 жыл ішінде депутаттық мандатқа ие болған 80-нен астам азамат өңірдің әрі елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту жолында, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында өздерінің барлық күш-жігерін, білімдері мен тәжірибелерін сарп етті.
Қазіргі таңда ауданымызда 15 депутат қызмет атқаруда. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім беру және басқа да салалардың мамандары бар, ал көпшілігін кәсіпкерлер құрайды. Депутаттарымыз халықты кәсіпкерлікке баулу мен сырттан инвестиция тарту ісіне де өз үлестерін қосуда.
Мәслихат депутаттары аудан халқының барша топтарының мүддесін назарда ұстап, еңбекпен қамту, жұмыссыздықты болдырмау, жаңа жұмыс орындарын құру және тұрмысы төмен азаматтарға қолдау көрсету сынды міндеттерді жүзеге асырып келеді.
Біздің негізгі байлығымыз – халықтың бірлігі. Осы бірлікті сақтап, Шардара ауданын дамыту – баршамызға ортақ міндет.
Осы орайда ауданымыздың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында барша шардаралықтарды өзімнің және аудандық мәслихат депутаттарының атынан шын жүректен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық пен денсаулық тілеймін.
Қазақ елінің тұрақтылығы баянды болып, еліміз гүлдене берсін. Тыныштығымыз бекем, жұртымыз аман болсын!
Бұлтбай МҮТӘЛИЕВ – Шардара аудандық мәслихатының төрағасы, Шардара ауданының Құрметті азаматы.
Made on
Tilda