ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ерлікке тағзым – елдікке құрмет

Әлеумет
Қасиетті де қасіретті тарихтың жаңғырығы – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен 7 мамыр – Отан Қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара Абай алаңында салтанатты түрде бастау алды. Бұл – ерлік пен елдікке тағзым етілетін, өткеннің өнегесі мен бүгінгі бейбіт күнге "тәубе" дейтін ерекше күн.
Шара барысында Шардара ауданының әлеуетін арттырып, халық игілігіне бағытталған жағымды жаңалықтар да жұртшылыққа паш етілді. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолдауымен, аудан аумағында жолаушылар тасымалымен айналысатын «SAR avto» ЖШС қалаішілік бағыттарда қызмет көрсететін 10 бірлік жаңа «Газель» маркалы шағын автобусты пайдалануға берді. Енді бұл қоғамдық көліктер «Қала-1», «Қала-2», «Қала-3» бағыттарында тұрақты түрде қатынайтын болады. Халықтың игілігі үшін жасалған бұл игі іс тұрғындардың көңілінен шығып, аудан өміріне серпін берері анық.
Салтанатты жиыннан кейін мерекелік бағдарлама аудандық Мәдениет сарайында жалғасын тапты. «Мәңгілік тағзым» атты концерттік кеш барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы сахна төріне әкелініп, Мемлекеттік Әнұран асқақтай шырқалды.
Мерекеге орай аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жұртшылықты құттықтап, жүрекжарды лебізін білдіріп:
– Құрметті жерлестер! Ардагерлер мен Отан қорғаушылар! Бұл – халқымыздың қаһарман тарихына тағзым ететін, ел бірлігін, жұрт тыныштығын паш ететін ұлы мереке! Осыдан тура 80 жыл бұрын майдан даласында жанын шүберекке түйіп, бола-шақ ұрпақ үшін күрескен аталарымыздың ерлігі – ешқашан ұмытылмақ емес. Бүгінгі бейбіт аспан мен тыныш таң – сол ерліктің жемісі. Баршаңызды Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Отан Қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! - деді.
Іс-шара барысында Шардара ауданының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Шардара ауданына 60 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Салтанатты жиында аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлы, Шардара аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Шералы Әділханұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков те жұртшылыққа арнап лебіз білдіріп, Алғыс хаттар табыстады.
Кеш барысында ауданның белгілі өнерпаздары өз өнерлерімен көпшілік көңілін тербетіп, елге деген сүйіспеншілікті, ата-баба ерлігіне деген құрметті ән мен жырға, сахналық қойылымдарға арқау етті.
Мерекелік шара «Тұңғыш Президент саябағында» одан әрі жалғасын тапты. Аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен аудандық қауіпсіздік қызметі, аудандық прокуратура, аудандық полиция, шекара қызметі мен аудан әкімшілігінің бөлімдері және қоғамдық ұйымдардың мүшелері Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған монумент алдына жиналып, гүл шоқтарын қойып, оларға бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Қатысушылар алдында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков құттықтау сөз сөйлеп, олардың есімдері мен ерліктері мәңгілік өшпейтінін, жастардың санасында жатталып қалатындығын атап өтті. Сонымен қатар рухымызды көтеретін патриоттық әндер орындалды.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda