ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Балалар шаттыққа бөленді

Әлеумет
Бүкіл әлемде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өтеді. Сондықтанда ол халықаралық мейрамдардың бірі ретінде саналады. Оны өткізу жөніндегі шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде өткен халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған. Ал халықаралық «Балаларды қорғау күні» алғаш рет 1950 жылы аталып өтті. Балаларды қорғау күнін – олардың соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, барша ұрпаққа білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек болады.
Мемлекетіміз азаматтық қорғауға зәру белгілі бір топтағы балаларды жүйелі және тұрақты түрде ерекше қамқорлыққа алады. Осы орайда балаларды қорғау түрлері, бойынша да көптеген жұмыстар атқарылуда.
Балаларды қорғау күніне орай аудандық емханада «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара өтті. Балалар мен олардың ата-аналары қатысқан бұл шарада аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Құралай Көбелекова мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығын және балалардың басты байлығымыз екендігін атап өтіп, оларға ерекше көңіл бөліп, қуаныш сыйлау басты борыш болып табылатындығын айтты.
Мерекелік шарада аурухананың потранождық әмбебап прогрессивті модель бойынша жауапты мейіргері Зулфия Қожабекованың ұйымдастыруымен балалар ән мен тақпақ айтып, түрлі-түсті бормен түрлі суреттер салып, алты айдан бір жарым жасқа дейінгі балалар арасында еңбектеуден жарыс өткізілді. Жарыс қорытындысында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып отырды.
Мерекелік шара барысында З.Қожабекова ата-аналарға балаларды дұрыс тамақтандыру талаптарын түсіндіріп, Қ.Көбелекова мен психолог Т.Шырынбекова ата-аналармен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап берді. Аурухана атынан сыйлықтар таратылып, балалар мәз-мәйрам болды.
Гүлжан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda