ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ!»

Әлеумет
1 маусым – Балаларды қорғау күні мен жазғы суға шомылу маусымының басталуына орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен қаладағы Шардара мектеп-лицейі мен М.Горький, Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептер оқушыларының қатысуымен орталық стадионда «Бала қауіпсіздігі басты мақсатымыз» тақырыбында іс-шара өткізілді.
Жиында Шардара аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Сыдықов Ербол Ержанұлы іс-шараның маңыздылығы мен мақсатына тоқталып өтіп, биылдың өзінде үш адамның суға кеткен оқиғасы және өрт алу оқиғасының тіркелгенін айта келіп, алдын алу бағытындағы шаралардың бірқатарын атап өтті.
Оқушылардың жалпы қатысуымен флешмоб өткізілгеннен кейін негізгі шаралар басталды. Жедел құтқару жасағының бас құтқарушылары Даниленко Александр, Жәнібеков Сәкен және Қылышбай Сүндет адамдардың, оның ішінде балалардың суға кетуінің алдын алу шараларымен, құтқару жасағының атқаратын қызметі және пайдаланатын заттарымен таныстырды. Қайықта қандай заттар болуы қажеттігін, ауа толтырылған күртешені қалай, қай кезде пайдалану керектігін түсіндірді.
Өрт қауіпсіздігі бойынша да Күнтуаров Ерболат, Куметов Батыр, Қалжігіт Мақсат дала өрті кезінде алғаш өртті сөндіруден алдын оның бағытын біліп, жолын кесу қажеттігін, үйдегі, көліктегі өрт қауіпсіздігі шараларын оқушыларға түсіндірді. Жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері де суға кету, немесе өрттен құтқарылған балаларға алғашқы көрсетілетін медициналық көмектер жөнінде түсіндірді.
Сонымен қатар оқушылар арасында асфальтқа сурет салудан байқау өткізілді. Балаларды қорғау туралы жадынамалардың суреттерін салған Әлжан Ұлжалғас, Жарқынбек Қарлығаш, Ким Эленина, Дәулетбек Меруерт, Байжігіт Майра, Барақова Ардақ, сол сияқты азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Арыстанова Гүлмира, Алтынбекова Раушан Алғыс хаттармен марапатталды.
Жиын қорытындысында аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлімбаев Ерлан балалардың және олардың ата-аналарының қатысуымен мектепте жазғы маусым айларында суға шомылудың ережелері сынып сағаттарында өткізілгенін атап өтіп, бұл іс-шараның оқушыларға осындай маңызды мамандықты таңдауларына да әсер еткендігін айтты.
Ж.ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda