ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Өлеңім – өмір өрнегі

Әлеумет Мәдениет
Шардаралық ақын, ұстаз, сазгер Роза Шығанақованың шығармашылығына арналған
әдеби-сазды кеші өтті.

Қазақ руханиятының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Шардара өңірі – сөз құдіретін қадір тұтқан, жыр мен саздың бесігі. Бұл киелі топырақ елге танылған небір өнер саңлақтарының түлеп ұшқан мекені. Солардың қатарында ел мақтанышына айналған ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса, рухани кеңістікте өзіндік ізі бар Бауыржан Қарабеков, түркітанушы-ғалым, сыншы әрі ақын Әмірхан Балқыбек (марқұм), халықаралық әдеби сыйлықтардың иегері Әлібек Шегебай сынды қаламгерлер бар. Бұл күнде олардың шығармалары күллі қазақтың рухани қазынасына айналып отыр.
Осы бір есімдер қатарында ақындық пен ұстаздықты ұштастыра білген, жүрек түбінен туған жырларымен көптің ықыласына бөленіп жүрген ардагер ұстаз, әуесқой сазгер Роза Шығанақова (Жұпаркүл) есімі де лайықты аталады.
Роза Шығанақова 1952 жылдың 14 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы «Победа» елдімекенінде дүниеге келген. Балалық шағы Түрікменстанның Ташауыз қаласында өтсе де, туған елге деген сүйіспеншілігі бала кезінен жүрегіне ұялаған. 1959 жылы орыс сыныбына қабылданып, 1961 жылы ата-анасымен бірге Қазақстанға оралады. 1967 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сегізжылдық мектепті, 1969 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп, Өзбекстанның Сырдария қаласындағы Гафур Гулям атындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, үздік дипломмен тәмамдайды.
Еңбек жолын Мақтаарал ауданындағы «Қазақ ССР-ның 30 жылдығы» мектебінен бастап, Гагарин қаласындағы Абай атындағы мектепте ұстаздық етеді. 1980 жылдан бастап 2014 жылға дейін Т.Айбергенов мектебінде үздіксіз қызмет етіп, мектептің гимназия статусын алуына тікелей ықпал етті. Сонымен қатар, 17 жыл бойы мектептің кәсіподақ ұйымын басқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Шәкірт тәрбиелеумен қатар, өзінің шығармашылық қарымын дамытып, балаларға арнап өлең-әндер жазды, мектептің гимнін шығарды. Оның «Туған жер», «Жайна, жастар», «Мойнақ», «Ұстаздарға мың алғыс» секілді әндері облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Өлеңдері мен әндері аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда жарияланды. Шығармалары «Шардара әуендері», «Ақ шағала жырлар», «Қызыр қыдырған күн», «Шежірелі Шардараның шайырлары» жинақтарында және «Мырзашөл», «Ғаламшар әдебиеті» журналдарында басылып шықты.
Жуырда ауданымызға қарасты Көксу мәдениет үйінде Роза Шығанақованың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтіп, оған «Өлеңім – өмір өрнегі» атты жеке жыр жинағының тұсаукесері ұштаса ұйымдастырылды.
Кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әріптестері мен шәкірттері қатысты.
Кешті аудандық «Өскен-өңір» газетінің директор-бас редакторы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік» төрағасы, ақын Сәбит Лаханов жүргізіп отырды.
«Ақынға қара сөзден, өлең оңай» демекші, салтанатты кештің иесі Роза Шығанақова көрермендерге деген ыстық ықыласын жүрекжарды жырмен жеткізіп, поэзия әлеміне қалай келіп қосылғанын тебірене әңгімеледі. Ол кешке жиналған қонақтарға шынайы алғысын білдіре отырып, шығармашылық жолының сырларымен бөлісті:
– Қош келдіңіздер, ардақты ағайын, қадірменді көрермендер! Ұстаздық жолымды абыроймен атқара жүріп, шәкірттерімді білім мен тәрбиенің нәрімен сусындатумен қатар, түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатыстым. Сол кездерде әртүрлі тақырыпта өлең жазып, оқушыларға арнау арнап жүріп, поэзияға қалай бет бұрғанымды өзім де аңғармай қалыппын. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін фестивальдерге арнап әндер мен жырлар жазып, шығармаларым біртіндеп жинақтала берді. Қолым қалт еткен сәттерде жүректен туған жыр жолдарын қағазға түсіру әдетіме айналды. Міне, бүгінгі күні сол жүрек үнін қағазға түсірген еңбегімнің нәтижесінде, жетпістен асқан шағымда алғашқы жыр жинағым жарық көріп отыр. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, толқулы сәт. Осындай мерейлі сәтте менімен бірге қуанышымды бөлісуге келген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! Шығармашылығыма демеу болған жандарға мың алғыс!, -деді.
Кешке қатысқан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Сырлы Әлем жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Тұңғышбай Төрегелдиев, мәдениет қайраткері, ақын, жыршы-термеші Әбдіғаппар Айдаров, аудандық Әжелер алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Гүлзахира Исаева, Түркі әлемі жазушылар, Халықаралық жазушылар одақтарының, Қырғыз Республикасының «Қырғыз ақын-жазушылар коомдук фонды», «АЛАКА» халықаралық коомдук фонды бірлестіктерінің және «Сырлы әлем жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Ниязбек Нышанәлі Мұсаұлы, «Сырлы әлем жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, ақын, жазушы Сабина Шағатай, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі, «Сырлы әлем жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік аймақтың басшысы, ақын Нұрғали Әбілдаевтар және өзге де сөз зергерлері Роза апайдың шығармашылық жолына жоғары баға беріп, ізгі тілектерін білдіріп, ақынның "Өлеңім – өмір өрнегі" атты кітабының тұсауын кесті.
Ақынның «Өлеңім – өмір өрнегі» атты тұңғыш жыр жинағы – оның ұзақ жылғы өмір жолы мен рухани ізденістерінің көркем жемісі. Бұл кітапқа әр жылдары жазылған лирикалық өлеңдері, шәкірттерге арналған туындылары, отансүйгіштікке тәрбиелейтін ән мәтіндері мен елге, жерге деген махаббатпен өрілген толғаулары енген.
Шара барысында ақынның жүрек тербеген жырлары оқылып, әндері шырқалды. Роза апайдың өлеңдері мен әндері – туған жерге, ана тілімізге, елдік пен руханиятқа деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Роза Шығанақова ұлағатты ұстаздық қызметі мен шығармашылық еңбектері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарына, «Еңбек ардагері», «Домалақ ана», «Ел егемендігіне қосқан ерен еңбегі үшін», «ҚР-ның Құрметті азаматы» төсбелгілеріне ие болды.
Бүгінде ардақты ана, ұлағатты әже, руханият жанашыры ретінде ел алғысына бөленіп жүрген Роза апай – екі ұл, екі қыздан тараған 14 немере мен 7 шөберенің сүйікті әжесі. Аудандық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, Көксу ауылындағы әжелер алқасының төрайымы ретінде де қоғаммен байланысын үзген емес.
«Ақын – жүректің үні, ұстаз – болашақтың шырағы» десек, Роза Шығанақова – осы қос қасиетті бойына тоғыстырған бірегей тұлға. Оның «Өлеңім – өмір өрнегі» атты жыр жинағы – көп жылғы өмір мен еңбек жолының, сезім мен сырдың көркем көрінісі. Бұл кеш – жырмен өрілген өмірдің, әнмен әуезделген рухтың, ұстаздықпен ұласқан өнердің мерекесі болды. Роза апайдың жүрек төрінен төгілген жырлары әлі де талай жүрекке жол тауып, ұлт руханиятының алтын қорына айналары анық.
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda