ШАРТАРАП ШАРАЙНА

"Таза Қазақстан" экоакциясы – табиғатты аялаудың жарқын үлгісі

Әлеумет
Көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін игі дәстүрдің бірі – тазалық жұмыстарын жүргізу. Биылғы жылы да еліміздің әр өңірінде қолға алынған “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы Шардара ауданында қарқынды әрі жүйелі түрде жүзеге асуда. Табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған бұл бастама жұртшылықтың кең қолдауына ие болды.
Аудан көлемінде жүргізілген көктемгі тазалық жұмыстары барысында ауқымды істер атқарылды. Алаңдар мен саябақтардағы шөптер шабылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдар ретке келтірілді. Тазалық шараларына мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, еріктілер мен қоғам-дық жұмысшылар белсенді түрде атсалысып, жалпы саны мыңнан астам адам сенбілікке жұмылдырылды. Олардың жұмысына 28 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 54 тоннадан астам қоқыс арнайы полигонға шығарылды.
Жалпы, қаңтар мен мамыр аралығында аудан бойынша 22 980 адам сенбілікке қатысып, 578 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар сыртқа шығарылған. Бұл – тұрғындардың тазалыққа деген жанашыр көзқарасының айғағы.
Шардараның көктемгі келбетін көркейту мақсатында 20 150 түп жасыл желек – ағаш көшеттері отырғызылды. Табиғатпен үндескен көрікті мекенге айналдыру бағытында жүргізілген жұмыстар мұнымен шектелмейді. Облыстық маңызы бар Шардара-Келес, Шардара-Жетісай, Шардара-Арыс бағытындағы күре жолдардың бойы да тазартылып, айнала көркейе түсті. Жалпы алғанда, 103 шақырым жаяу жүргінші жолдары мен 183 шақырым суару (ирригациялық) жүйелері толықтай тазартылды.
Бұл игілікті істер – бір күндік емес, үздіксіз атқарылып жатқан тұрақты шаралар. Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың азаматтық борышы. Табиғат – адамзаттың алтын бесігі. Ендеше, оны аялау мен қадірлеу – бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да алдындағы аманат.
"Таза Қазақстан" акциясы – елдің ертеңіне, туған жердің болашағына деген жауапкершілік. Күнделікті тұрмыста да тазалық мәдениетін қалыптастыра білсек, болашағымыз да жарқын болары сөзсіз.
Аяжан ТӘЖІ.
Made on
Tilda