ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Астанадағы II Орталық Азия медиафорумына өңірлік БАҚ өкілдері де қатысты

Әлеумет
Қазақстанның астанасы Астанада 16 сәуірде II Орталық Азия медиафорумы өтті. Бұл шараға 700-ден астам қатысушы жиналды, олардың арасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және басқа да елдерден келген журналистер, медиа компания басшылары мен сарапшылар болды.
Форумның басты мақсаты - аймақтағы медиа өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту және цифрлық трансформацияның ақпараттық кеңістікке әсерін талқылау. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумды ашу барысында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бір-лескен медиажобалардың маңыздылығын атап өтті.
Министр Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті туралы хабардар ететін тележобаларды дайындау идеясы қолдау тапқанын айтты. Сондай-ақ, Астанада «Euro-news»-тің Орталық Азия бойынша өкілдігі ашылғаны және жалған ақпаратпен күрес жұмыстары күшейтілгені жайлы ақпарат берілді.
Форумда болашақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, жасанды интеллект дәуіріндегі медиа саласының цифрлық трансформациясы, елдің имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі сияқты мәселелер қарастырылды.
Аталған форумға ауданымыздан «Шартарап– Шарайна» ақпараттық-танымдық газетінің меншік иесі «Нұр-МБК» ӨК төрағасы Қариев Нұрболат Нұрмаханұлы да қатысты.
Форум аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, қазіргі медианың жаңа тенденциялары, цифрлық контент жасау әдістері және жалған ақпаратпен күрес жолдары бойынша пікір алмасты.
«Шартарап–Шарайна»–ақпарат
Made on
Tilda