ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Әке өсиетіне – адалдық

Әлеумет
Еспенбетова Раушан Жәлелқызы – Шардара қаласында дүниеге келген. М.Горький орта мектебін бітірген. Шымкент педагогикалық университетінде оқып, «Орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі» мамандығын алған. Шардара қаласындағы М.Горький атындағы жалпы білім беретін мектепте мамандығы бойынша ұстаздық етеді. «Құрметті ұстаз» төсбелгісінің иегері. Еңбек өтілі 32 жыл.
Қазіргі Қазақстанда әлемдік білім беру кеңестігіне бағдарланған жаңа білім беру жүйесі қалыптасуда. Бұл процесс міндетті түрде педагогикалық тәжірибеде елеулі өзгерістерге әкелуде. Ұзақ жылғы тәжірибесі, дүниетанымы қалыптасқан ұстаздарға бұл оңай емес. Дегенмен шәкіртінің мектепте жақсы оқып, сабағына қызығушылығы мен ықыласын арттырып, сабағын қызықты да мағыналы етіп өткіземін деген мұғалімге бұл өзгерістер ешқандайда кедергі емес. Өйткені өз ісіне деген сүйіспеншілік –нағыз ұстазға тән қасиет.
Раушан жазушы, Шардара аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған Жәлел Кеттебековтың отбасында туып, өсті. Жәлел Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінде қызмет атқарса, анасы Күлфара Аманжолова да осы газетте корректор қызметін атқарған. Әкесіне өтініштермен көп адамдардың келетінін, оларға журналист ретінде әкесінің көп көмектескенін көріп өскен Раушанның да келешекте журналист болғысы келген. Бірақ, мектепті бітіретін жылдардағы әкесі Жәлелдің «Қызым, мен ауылда өскендіктен» Мәскеуде әдебиет институтында оқығанымда, алғаш аудандық «Өскен өңір» газетіне орналасып, оның материалдарын баламасы орыс тіліндегі «Возрожденная степь» газетіне аударып беруде көп қиналдым. Сондықтан сені де орыс тілінен қиналмасын деп орыс балабақшаның орыс тобына бердім. Енді орыс тілі маманы болғаныңды қалаймын. Қазақ тілін онсыз да ешкімнен кем білмейсің» деген-ақыл кеңесі бұл ойын өзгертті. Раушанның осы мамандықпен отыз жылдан астам уақыт жұмыс жасап жүріп еш өкінген күні болған емес. Әр жетістікке жетіп, оқушылары да биік белестерді бағындырған сайын мамандық таңдауда жол көрсеткен әкесі Жәлелге деген ризашылығын білдіріп, есіне алады.
Раушан өз пәнін, оны оқыту әдістемесін терең меңгерген, жұмысына шығармашылықпен қарайтын ұстаз. Педагогикалық мәселелерді шешудің жаңа жолдарын үнемі іздестіріп, инновациялық педагогикалық әдістермен жүйелі түрде танысып, өз қызметінде қолданады. Мұғалімдер арасында М.Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген «Поэзия әлемі» аудандық байқауының ғылыми жоба конкурсына қатысып бірінші орынды иеленіп, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Ұлы Абайдың мұрасы» облыстық ғылыми-практикалық конференциясында баяндама жасады. «Орыс тілі мен әдебиетін оқытуда озық тәжірибелермен жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану» тақырыбындағы әдістеме құралы мектептерге үлгі ретінде таратылған.
Раушан мемлекетіміздің білім саласының дамуы жолында аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі игілікті істері және ұстаздық жолындағы ізденісі мен табысты еңбегі үшін облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің, мектеп басшылығының Алғыс хаттары мен марапаттарына ие болған.
Раушан соңғы үш жыл көлемінде мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі. Шәкірттері бірнеше жылдан бері аудандық, облыстық олимпиадалардың жүлдегерлері. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде оқушысы Вососюк Валерия Николаевна үшінші, аудандық кезеңінде I дәрежелі Дипломмен, Демесбек Ақерке Талғатқызы аудандық кезеңінде бірінші, облыстық кезеңінде I дәрежелі Дипломмен марапатталып, республикалық кезеңде жүлдегер болған. Ал, «Дарын» республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінде Трифонова Диана үшінші орынның жеңімпазы болды.
– Мен сыныпқа әр кіргенімде өзімнің сол сыныпта оқыған, ұстазымның сабақ беріп тұрған сәтін жиі есіме аламын. Сол ұстаздарымдай болғым келеді. Шәкірттерімнің өзімнен де биік жетістіктерге жеткенін қалаймын. Оқушыларым мені алған білімдері мен жеткен жетістіктеріне үлесімді қосқан тәлімгер ретінде есептеп, олардың бақытқа, табысқа жетулеріне пайдам тиген болса сол менің бақытым, – дейді Раушан Жәлелқызы.
Ұлағатты ұстаздың осы сөзінің өзі шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сезімді оятып, қанаттандырса керек. Сондықтан да ұлағатты ұстазға алда жетістіктеріңіз көп болсын, шәкірттеріңіз сеніміңізді ақтайтын тұлға болып өсе берсін дейміз.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda