ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Бақыт – балалардың күлкісінде

2025-05-28 10:59 Әлеумет
Жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде кең көлемде аталып өтеді. Бұл – балаларға деген қамқорлық пен сүйіспеншіліктің, олардың құқықтарын қорғаудың маңызын дәріптейтін халықаралық мереке. Аталған мейрам 1949 жылы Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының сессиясында бекітіліп, алғаш-қы рет 1950 жылы тойланды. Содан бері бұл күн әлем елдерінде жыл сайын атап өтіліп келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл бастаманы қолдап, балалардың құқықтарын қорғауды, олардың өмір сүру сапасын арттыруды басты міндеттердің біріне айналдырды. Мере-кенің басты мақсаты – балаларды зұлымдықтан, зорлық-зомбылықтан, аштық пен соғыстан қорғау, оларға бейбіт және бақытты өмір сыйлау.
Бүгінгі таңда да әлемде әрбір оныншы бала түрлі қиындықтарға тап болып, зорлық-зомбылықтың құрбанына айналуда. Көптеген балалар соғыс, аштық, түрлі апаттардың салдарынан ауыр тағдырды бастан өткеріп келеді. Бұл – әлем жұртшылығын алаңдататын маңызды мәселе.
Қазақстанда бұл мерекеге ерекше мән беріледі. Әр өңірде балаларға қуаныш сыйлау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, олардың көңіл-күйін көтеруге бағытталған игі істер жүзеге асады.
Шардара ауданында да жыл сайын Балаларды қорғау күніне орай арнайы бағдарламалар ұйымдас-тырылады. Ауруханаларда жаңа туған сәбилерге туу туралы куәліктер салтанатты түрде табысталып, ана-ларға сый-сияпат көрсетіледі. Бала-бақшалар мен мектептерде мерекелік концерттер, ойын-сауық бағдарламалары өткізіліп, аудан әкімдігі мен білім беру мекемелерінің қолдауымен балаларға тегін балмұздақ пен тәттілер таратылады.
Сонымен қатар, Аудандық оқушылар үйі де бұл мерекеден шет қалмай, дәстүрлі түрде балаларға балмұздақ таратуды үрдіске айналдырған. Бұл – балаларға жасалған сый ғана емес, олардың жүзіндегі шынайы күлкіні көру арқылы қоғамның жылулығын сезінудің көрінісі.
Баланың жүзіндегі шаттық күлкі – қоғамның тыныштығы мен игілігінің айнасы. Сондықтан әрқайсымыз балалардың бал дәуренін қорғай отырып, олардың арманына қолдау көрсетіп, жарқын болашаққа жол ашуға атсалысуымыз қажет.
Балалар күлкісіне толы бейбіт өмір тілейміз!
Гүлжан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ