ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Әштар Жолдасов Камардинұлы

Әлеумет
Әштар аға 1927 жылы дүниеге келген. Арыс қаласындағы Киров атындағы орта мектепті 1946 жылы бітірді. Алматы қаласындағы зоотехникалық мал-дәрігерлік институтын 1951 жылы тәмамдаған. Жолдамамен келіп Шымкенттегі «Казсовхозкаракуль» тресінде аға зоотехник болып еңбек жолын бастаған, 1953 жылы Шымкент қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1954 жылдан обкомның ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, 1958–1960 жылдары СОКП Орталық Комитетінің жоғары партия мектебінде білім алып, Ильич аудандық партия комитетінің хатшысы, 1962 жылдың тамыз айынан облыстық ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу және дайындау басқармасы бастығының бірінші орынбасары, 1969 жылдан Шардара аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1977 жылдан 1979 жылдың желтоқсан айының соңына дейін Шардара аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1979–1986 жылдар аралығында облыстық ауылшаруашылық кәсіподағы комитетінің төрағасы, 1986 жылдан мал тұқымын асылдандыру және қолдан ұрықтандыру облыстық бірлестігінің басшысы болып істеп, 1994 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ұзақ жылғы еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Октябрь Революциясы», екі рет «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Әштар Жолдасов Камардинұлы 1969–1979 жылдар аралығында Шардара аудандық атқару комитетінің төрағасы, бірінші хатшы қызметін атқарған уақытта құлазыған Қызылқұм өңірі түлеп, 106 шақырым «Қызылқұм» магистральды каналы, 244 шақырым ішкі каналдар, 10 шақырым Шардара магистральды каналы, 200 шақырымға жуық қашыртқы каналдары қазылып, 70 мың гектарға жуық суармалы жерлер игеріліп, Шардара ауданында қосымша 6 күріш, 4 мақта кеңшарлары ашылып, сол кеңшарлардағы және Шардара қаласындағы барлық әлеуметтік нысандар – атап айтсақ: мектептер, балабақшалар, мәдени орындар, көшелер, электр, ауыз су, кәріз жүйелері, стадион, Мәдениет үйі, көптеген мекемелердің ғимараттары, өндіріс орындары, 17 мыңға жуық тұрғын үйлер (700 мың шаршы метр) салынды.
Әшекеңмен Шардара аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде тұрмыс қажетін өтеу комбинантының директоры болып істеген кезімде етене араласпасам да,1989 жылдан кейін отбасымызбен етене араласып аға-іні болып кеттік. Әшекеңнің өз аузынан естіген әңгімелерді, көрген-білгендерімді көпшілік біле бермейтіндіктен, кейбір жағдайларды халыққа жариялауды мақсат тұттым.
Шардара аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Әштар Жолдасов Камардинұлы, атқару комитетінің төрағасына Айтаханов Қуаныш Айтаханұлын облыстық партия комитетінің ұсынуына байланысты, 1969 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қабылдауында болғанда ол кісінің Шардара ауданы қалай күріш егетін ауданға айналғанын өз аузынан естігенін, былай еске алған еді: -Ертеректе Бостандық ауданын Өзбекстан қарамағына алуымен қанағаттанбай, 1963 жылы Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары Өзбекстанға өтіп кеткендігімен қоймай, Өзбекстан басшылары: «Жаңадан салынып жатқан Шардара су қоймасын және Сырдария өзенінің жағасындағы Түркістанға дейінгі жерлерді мақта өсіруге бағыттау мақсатында Өзбекстанға беруді СОКП Орталық Комитетіне қайта–қайта хат жазды. Күріш өсіруге негізгі себеп болған, Өзбекстан тарапынан Орталық Комитетке жазған хаттар еді"–деп еске алды.
"Шардара алғашында партия және үкіметтің қаулысымен мақта өсіруге мамандандырылған аудан болып құрылуы жоспарланған еді. Кейіннен Қазақстан Үкіметі күріш өсіруге бағыттау туралы шұғыл шешім қабылдап, барлық зерттеу құжаттарын күріш өсіруге ыңғайлап қайта жасатты. Сондықтан да мақта егуге жоспарланған Қызылқұм массивін Д.А.Қонаев Кеңес Үкіметі басшыларының келісімін алып, өзбектерге Қызылқұм массивін бермеу мақсатында құжаттарын қайтадан қарастырып, күріш егуге бағыттап массивті сақтап қалған. Бұл кездесу Қ.Айтахановтың «Өмір белестері» кітабында кең түрде жазылған (100-104 беттер).
1989 жылы Қуаныш Айтаханұлы: «Аудандық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Жолдасов Әштар Камардинұлы бір айдан бері кеудеден төмен қарай қимылсыз жатқанын, Әлия келіннің ауырғаны сияқты ауыратындығын айтып, сол кісіге барып жолығып, жағдайын біліп, мүмкіндік болса, Әшекеңді Украинадағы Кобеляки қаласына апарып емдетіп келуімді сұранды». Әшекеңнің жағдайын Қалекең екеуміз бірлесіп білген соң, Н.А.Касьянға қоңырау соғып, сөйлессем «Тез алып кел, мен шетелдік іс–сапарға кетіп қаламын» деп жағдайын айтты. Әшекең: – «Өзің барып бетпе–бет сөйлес, жататын үйді даярла" – деп өтініш жасаған соң, ертеңіне Әлияны алып ұшып кеттім. Үш күннен кейін Әшекеңді, Алмагүл жеңгейді және екі інісін Днепропетровск қаласынан күтіп алып, Кобеляки қаласына алып келдім. Дәрігер Николай Андреевич Касьян кезексіз қабылдап, Әшекеңді орнынан тұрғызып жіберді. Емханадан шығып келе жатқанда Әшекеңе кезекте тұрған 300–400 дей адам таң қалып, жағдайын сұрап жатыр. Әшекең сонда көпшілікке қарай «Н.А.Касьян это не человек, он чудо, которого нам бог направил. Всем желаю здоровье» – деп ризашылығын білдірді. Әшекең: Екі рет инфаркт алғанмын, дәрігерлер ота жасаудан бас тартқасын, бар арманым далаға өзім кіріп-шықсам деп ойладым. Дегенмен Алла назарын салып, шипасын берсе демде екен, әуелі Алланың арқасы, екінші дәрігер мен Төлбасының арқасы – деп қуанышын білдірді. Әшекең елге келгеннен кейін сол кездегі «Правда» газеті арқылы арнайы рақметін айтты. Кеңес Үкіметінің кезеңінде дәрігерлерге жеке кабинет ашып емделушілерге емдейтін жағдай жасауға тыйым салынғанымен, ол кісіге қалалық емханадан 3 бөлме беріліп, ауруларды емдеген. Бірақ күніне келетін 300–400–ге жуық емделушілердің жағдайы болмағандықтан өз қаржысына екі қабатты емдеу ғимаратының құрылыс жұмыстарын бастағанымен, ол құрылыс ұзаққа созылып, мемлекет тарапынан көмек болмағандықтан құрылысы тоқтап қалған. Осы жағдайды Әшекеңе түсіндіріп айтқан едім, ол кісі сол кездегі Украина Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы Мосол В.А. /Москва қаласында Әшекеңмен жоғарғы партия мектебінде бірге оқыған/ дәрігер Н.А.Касьянға жағдай жасауын өтініп хат жазып, ол хат негізінде құрылыс тоқтап қалған ғимаратты мемлекет тарапынан бітіріп, 120 орындық емдеу орны, 150 орындық пансионат және әр ауысымда 250 адамды қабылдайтын емдеу орталығы 1990 жылы бітіп, мемлекет тарапынан іске қосылды. Сол емдеу ғимараттарының құрылысының бітуіне дәрігерге жұмыс істеуіне жағдай жасалуына Әшекеңнің аз да болса үлесі бар деп ойлаймын. Себебі Н.А.Касьянмен телефон арқылы хабарласып тұрғанымда, Әшекеңе ризашылығын білдіріп, сәлем айтып тұратын. Осы жағдайлар менің «Мен өскен орта» кітабымда толығырақ жазылған.
1995 жылы Әшекеңнің шақыруымен мен және баласы Бақытжан үшеуміз Әшекеңнің өскен жері Қорғалжын ауданының Сабынды елді мекеніне қонаққа бардық. Сол жер үлкен асфальт жолдан алыс емес. Сабынды көлінің маңайында жайғасқан Әшекеңнің інілері жоғары деңгейде күтіп алды. Сол елден ғалымдар, мәдениет қызметкерлері көптеп шыққан. Көпшілігімен Әшекең хабарласып, араласып тұрғандықтан оларды жақсы таниды екен.
Әңгіме үстінде Мариямның «Дударай» өлеңінің авторы Мариям апа туралы сөз болды. Ол әннің шығу тарихы туралы:.
Шардарада 1992 жылы аудандық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, халық депутаттары кеңесінің төрағасы Түгелбаев Өтеғұл Жаулыбайұлы қайтыс болғанын естіп кештетіп барған едім, барсам бұрынғы Шардара аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жолдасов Әштар Камардинұлы, бұрынғы Киров ауданының бірінші хатшысы Әлжанов Дербіс Қалдыбайұлы (ол кісінің қолынан партбилет алғанмын) және «Главриссовхозстрой» мекемесінің Шымкеттегі бұрынғы басшысы Әйменов Талқа Әуелұлы бірлесіп көңіл айтуға келген екен. Кіші жүз ағайындар мәйітті 2–3 күн үйде сақтайтын әдетіне байланысты, ол кісілер осында қалып жаназасын күтетін болды. Кештетіп барғандықтан болар аудан, мекеме басшылары көрінбеді. Ол кісілерді бірден үйге шақырдым. Ауданға іссапармен келгенде Әйменов Талқа Әуелұлы көпшілігінде үлкен қонақтарға арналған кіші қонақүйде күтетіндіктен бұрыннан мені танитын еді.
Осы үш кісінің бірін–бірі танитындықтан, құрдастар болғандықтан әзіл-қалжыңдары өте жарасымды, әзілдері зілсіз, мәдениетті, астарлап қалжыңдасады, бірін-бірі ұзақтан түсінетін, сезімтал кісілер екен.
Әңгіме – дүкен кезінде Ресей Федеративтік Республикасының Президенттігіне Б.Елцинмен бірнеше азаматтың үміткер ретінде тіркелген кез еді. Соның арасында Кемерово облысының Кеңес төрағасы Аман Төлеев те түскен.
Дәкең бір күрсініп, әңгімесін жалғастырып, «Менің атам Әлжан, оның інісі Төлеу, оның баласы Молдағазы. Сол Молдағазы ағам жас кезінде Түркменстанда сот, прокурор болған білімді, көп оқыған, үлкен қызметтер атқарған. Молдакең қызметте жүргенде көреалмаушылық, айтыс тартыстардың салдарынан жұмыстан босап қалғасын, ағайын туысқандармен бірге Түркменстаннан Шардараға көшіп келген. Жеңгемізбен тұз-дәмі жараспағандықтан Мәрия жеңгем 5 жастағы баласын алып, елі Башқұртстанға кетеді, ол баланың аты-жөні Аманкелді Төлеев. Осы хабар ұйқы бермей қойды. Тәуекелге басып хат жазып жібердім. Хабар жоқ көмекшілеріне телефон соқсам, Аман Гумирович деп жауап берді. Егер оның әкесінің аты Молдагазиевич болса, онда ол біздің баламыз болып шығады деп топшылап отырмын» деді. Бұл тосын жаңалыққа бәріміз шын жүректен қуанып, қазақ ұлтының тумасы, бір облыстың губернаторы болып, Ресей елінің Президенті болуға үміткер екенін, ол кісінің Дәкеңнің інісі екеніне, әкесінің шардаралық болғанына ризашылығымызды білдіріп, тілеуін тілеп, құтты болсын айттық.
Сөз арасында Талқа Әуелұлы Әшекеңе «басеке, бастық»–деп айтқандарына түсінбей Дербіс Қалдыбайұлы Тәкеңе «Шардара ауданында партия есебінде тұрмағансыз, облыстық деңгейдегі Шымкеттегі «Главриссовхозстрой» өндіріс– құрылыс бірлестігін басқардыңыз Әшекеңді «Бастық» деп қалайша айтасыз деп сұрақ қойғанда, сөзге Әшекең араласты: Біздің совминіміз «Главриссовхозстрой», бастығымыз Э.Х Гукасов пен Т. Айменов, біз «Главриссовхозстройдың ауданымыз»–десем, ал Тәкең, болса мені аудан деңгейіндегі партияның көзі, «Бастық»–деп қалжыңдап отыратын-ды.
Әңгіме арасында Дербіс аға Әшекеңе сығарая қарап, «Төлбасы інім, Әштардың қолына келіп, бәтеңке шегелегенше, маған келіп шошқа тағалағаның дұрыс еді» деп қалжыңдағанда, іле-шала Әшекең: «Төлбасы бұдан жаман болған жоқ, аудандағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатынан бастап, аудан бойынша сауда саласын басқарды, ол Шардараға келмегенде мен оны танымайтын едім, сондықтан бүгін сендердің қастарыңда отыруға мүмкіндігім болмайтын еді, әуелі құдай, сосын Украинаға дәрігерге апарып А.Н. Касьянға емдетіп, бір минуттың ішінде орнымнан тұрғызып, жүргізіп жібергеніне ризашылығымды білдіремін, бұл тірлік сенің қолыңнан келмейтініне нық сенімдімін, оның үстіне Төлбасыны Қазығұртқа жібергенше, өзің тәрбиелелеймін десең ешкім қолыңнан қаққан жоқ қой»– деп әзілмен жауап берді. Дербіс аға: «Төлбасы менің қолымнан партбилет алды, комсомол саласында жұмыс жасады, пысықша келген жас жігіт, менің қызыммен бірге институтта оқыды, ол бітірген мамандыққа қазақтың балалары бара бермейтін, еврей, кавказ ұлтының балалары оқитын, сондықтан да уақтысында мамандығы бойынша жұмыс істеу керек деп бағыт-бағдар бергенім рас, болашақта зауыттың не фабриканың директоры болады ғой – деп ойлаған едім» деп жауап берді.
Ол көп жылдар партия, кеңес, шаруашылық қызметінде жүріп, сонымен қатар өз жүрегінен ән-күйлер шығарумен айналысты. Әшекеңнің әрбір шығармасы терең мазмұндылығымен, нәзіктігімен ерекшеленеді. Бірнеше өлеңдері баспасөз бетінде жарық көріп, күйлері радио, теледидар хабарлары арқылы халыққа танымал болды. Қазақ радиосының алтын қорына жазылған шығармалары бар.
Жолдасов Әштар Камардинұлы мәдениет, өнер саласында табысты еңбек жасады. Өзінің шығарған 15 күйі мен 30дан астам өлеңдері, оның ішінде 4–5 өлеңдеріне жазылған әндері бар. Қартайып екі көзі бірдей көрмей қалғанда Алмагүл апай екеуі бірлесіп «Өмір жолы» кітабын жазған.
Жолдасов Әштар Камардинұлы атына Шардара ауданы, не қаласынан бір мектептің атын, не бір көше атауын беруді өтініп, баласы Бақытжан бірнеше рет Шардараға келді. Ауданға іс сапармен келген ОҚО әкімі Ө.Е.Шөкеевтің он шақты еңбек ардагерлерін қабылдауына байланысты, сол қабылдауда Әшекеңе бір көшенің атауын беруге ұсыныс жасадым. Ол кісі: Әшекеңді жақсы танитынын, көше беруге әбден лайық екенін айтып, Жолдасов Әштар Камардинұлына көшенің атының берілуіне ықпал жасады.
Әшекең үлкен өмір мектебінен өтіп, шыңдалған, жүрегі таза, әділетсіздікке төзімсіздікпен қарайтын, туысқандықты қанынан емес адал жандардан іздейтін, шенділерге бас иіп жалынбаған, кезекті сөзін ащы шындық болса да бетіне айтатын, тарихты, мәдениетті, өнерді, әдебиетті терең меңгерген, кез келген мәселеге үлкен мән беріп, терең зерттеп, әділетті шешім қабылдайтын, ел құрмет тұтқан адал азамат еді.
БЕКТАС
Төлбасы Батырханұлы–
Шардара ауданының Құрметті азаматы
Made on
Tilda