ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ардагерлер бильярд бәсекесінде бақ сынады

Әлеумет
Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ел игілігіне ұсынылуда. Соның бірі – аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өткен бильярдтан жарыс. Бұл сайыс Шардара ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер Дауылбаев Мұрат Дәулетұлының демеушілігімен және орталықтың еңбек дене шынықтыру маманы Сейдуалиев Нұрбол Бектөреұлының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Жарыстың шымылдығын орталық басшысы Аппаз Тұрғынбаев ашып, ардагерлердің аудан дамуына қосқан елеулі үлестерін ерекше атап өтті. Ол өмірін түрлі салаға арнап, халық игілігі үшін аянбай еңбек еткен қазыналы қариялардың құрметке лайық екенін тілге тиек етіп, бильярд додасы – олардың құрметіне арналған сый екенін жеткізді. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Екі күнге созылған тартысты сайысқа екі топ бойынша 22 бильярд шебері қатысып, өзара мықтыларды анықтады. 70 жастан асқан ардагерлер арасындағы жарыста:
Бірінші орынды – Қалмырза Бәкір,
Екінші орынды – Мырзагелдиев Тәжібай,
Үшінші орынды – Шардахмет Жүнісбеков пен Ағманұлы Тәңірберген иеленді.
Ал 70 жасқа дейінгі ардагерлер санатында:
Бірінші орынды – Талипов Бейдүлла,
Екінші орынды – Төлепов Ауғанбек,
Үшінші орынды – Тоқманбетов Дүрмахан қанжығасына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медаль, кубок және қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Марапаттау рәсімінде жүлделерді орталық басшысының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Бақтыбай Исмайлов пен кәсіпкер Мұхтар Дауылбаев салтанатты түрде табыс етті.
Жарыс аяқталған соң, демеуші азамат Мұхтар Дәулетұлы орталыққа келушілер үшін арнайы дастарқан жайып, өмірден өткен ата-бабаларының рухына құран бағыштады.
Бұл іс-шара – ардагерлерге деген ерекше құрмет пен ықыластың белгісі. Спорт пен салауатты өмір салтын дәріптеген осындай жарыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.
Ж. ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda