ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Әлеумет
Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 33, Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Осы қос мерекеге орай аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Ауған соғысы мен Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлерінің қатысуымен «Ел қорғаған ерлерге тағзым» атты іс-шара өтті. Орталықтың басшысы Аббаз Тұрғынбаев мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, соғыс және еңбек ардагері, Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтың ұлы, Шардара ауданының Құрметті азаматы Қалмырза Бәкір, Ауған соғысының ардагері Қылыш Сәтбаев, Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігі жанындағы патриоттық клуб жетекшісі Әли-Асқар Шералиев, Семей полигоны ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуелбек Кубеновтер құттықтау сөздерінен кейін әскери өмірлерінен естеліктер айтты.
Семей сынақ полигонының ардагері, аудандық «Шартарап-Шарайна» газетінің тілшісі Жаңабай Әліқұлұлы әскери борышын «Конешный», «Курчатов», «Шаған» жабық полигондарында өтегендігін, сынақтар жүргізілген уақытта жарылыс салдарынан сынбауы үшін үйлердің есік-терезелерін ашық қалдыратынын, жердің зақымданғандығынан жарылыстан кейін пайда болған ұяшықтарда пайда болған жаңбыр суының жерге сіңбей, тек буланып ада болатынын көргенін айтып өтті.
Орталық басшысы шақырылған қонақтарға алғысын білдіріп, сый-сияпат жасағаннан кейін ардагерлердің құрметіне орталықтың «Ақ ниет» тобы әскери «Катюша» әнін орындады. Сол сияқты орталықта қызмет алушы Спагүл Чимирова «Бидай өңді қыз», Ұлбосын Ахатаева «Синий платок», Мұхамед Жасұзақұлы «Қайран жеңгем», №16 колледж студенттері «Катюша» биін, колледждің бас маманы Венера Жаулыбаева «Перзент сыры» әндерін орындап, Сәуле Көбекбаева жергілікті ақын Хамит Жұмабекұлының «Аты өшсін соғыстың» өлеңін мәнерлеп оқыды. Орталықтың музыканты Әділғазы Ибрагимовтың орындауындағы патриоттық әндерге орталыққа келушілер өздерінің билерімен қолдау көрсетті.
Келген қонақтар мерекелік іс-шараны ұйымдастырушыларға деген өздерінің алғыстарын білдірді.
Ж.ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda