ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АУДАН ӘКІМІ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Әлеумет
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Кездесу барысында халықты толғандырып жүрген әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деген болатын.
Президенттің осы тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы ауыл округтеріндегі халықпен кезекті кездесуін өткізді. Онда аудан көлеміндегі атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарлар жөнінде де нақтылап айтып берді.
– Кездесудегі басты мақсатымыз тұрғындармен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауылдардағы проблемаларды жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Аудан халқының ең басты күнкөрісі – диқаншылық. Сондықтан жердің жағдайын жақсарту бойынша барынша жұмыс жасаймыз. Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жолын жөндеу, жаңа инфрақұрылым тарту қарқынды жалғасын табады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Сол үшін әрқайсысыңыздың мәселелеріңізді тыңдап, оны шешу бойынша тиісті жұмыстар жасаймыз, – деді Арман Романұлы.
Аудан әкімімен бірге ауылдық округтердің әкімдері де өздерінің атқарған жұмыстары жөнінде тұрғындарға есеп берді. Достық ауылдық округінің әкімі Ерлан Ақжігітов өз есебінде салық түсімдерінің орындалуы мен ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысы, бақша мен тамшылатып суғарудың жай-күй туралы айтып, көгалдандыру, тазалық жұмыстары бойынша атқарылған жұмыстарды атады.
Сұрақ-жауап бойынша сөз алған еңбек ардагері Аманов Жора аудан әкімінің атқарып жатқан жұмыстарын күнделікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден көріп отырғанын айтып, алғысын білдірді.

Сонымен қатар елдімекенді көгалдандыру бойынша егілген ағаштарға қоршау жүргізуге көмек көрсетуін сұрады. Ал ауыл тұрғыны Өткелбаев Сейдрахман балалар ойнайтын алаңша салуға көмек сұрады.
Аудан басшысы бұл мәселелер бойынша ауданда тиісті қаржы қаралғанын, жаз айларында жұмыстар басталатындығын айтты.
Аудан басшысының Егізқұм ауылы тұрғындарымен кездесуінде Ақшеңгелді ауылдық округі әкімінің міндетін атқару-шы Омар Амалбеков негізінен ауыл шаруашылығы жұмыстарына тоқталды. Диқандар қажетті жеңілдетілген бағада жанар-жағар маймен, шитпен, жеткілікті мөлшерде несиемен қамтылған. Сонымен қатар ағын су келетін жүйелер жөнделіп, пайдаланудан шығып қалған жерлер қайта іске қосылған.
Аудан басшысы тұрғындардың ауыз суы, трансформатор қажеттігі жөніндегі сұрақтарына жауап беріп, ол бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.
Сүткент ауылының тұрғындарымен кездесуде ауылдық округтің әкімі Қайрат Кенбай ауылшаруашылығы бойынша жаңа төрт техника, 60 тонна аммиак селитрасы алынғанын, 1 шаштараз, 1 дәмхана, 2 желімдеу цехы, 1 автокөлік жуу орны, 1 наубайхана жұмыс жасайтынын, атаулы әлеуметтік көмек 3 отбасыға берілгенін айтты.
Сонымен қатар «Қамқор» бағдарламасы бойынша бір отбасыға тұрақты көмек берілуде. 39 азамат ақылы қоғам бойынша жұмыспен қамтылған. 20 жылдық түлектердің бір отбасыға үй салып беруіне ықпал еткенін атап өтіп, көгалдандыру, тазалық жұмыстарының талапқа сай атқарылғанын айтты.
Аудан басшысы тұрғындардың спорт кешенін жабдықтау, балалардың ойын алаңшасын салу бойынша сұрақтарына Сүткент ауылына 430 миллион қаржы қаралғандығын, оған көп жұмыстар атқарылатындығын айтты.
Келесі кезектегі «Қызылқұм ауылдық округіндегі кездесуде жайылым мәселесі көтерлігенімен Алатау батыр, Ұзын ата, Көксу, Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков ауылдық округтеріндегі кездесуде аудан әкімінің есебіне жоғары баға беріліп, өздері сайлап алған ауыл әкімдеріне де ризашылықтарын білдіріп, қариялары баталарын беріп отырды. Түйіткілді мәселелер айтылмады. Тұрғындардың сауалына орай Қоссейіт ауылындағы жекеменшік мектепке де, мемлекеттік мектепке де мемле-кет бірдей көмек көрсететіндігін, бірақ білім сапасына қарай мектепті ата-аналар өздері таңдайтындығын, Тұрысбеков ауылындағы екі мектепке де жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін, Тұрысбеков және өзге ауылдарға "Тама-Тастанбектен» келетін таза су қаладан кейін берілетіндігін айтты.
Жаушықұм ауылындағы кездесуде ауылдық округ әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов негізгі есебінде шегірткемен күрес жөнінде айтты.
Округте дала зиянкестерін жою бойынша 5 мың гектар жер зерттеліп, 578 шегірткенің ошағы анықталған. Оған ауыл округі аппаратынан 15 адам, шаруалардан 50-ге жуық азамат анықтаушы ретінде қатысқан. Өңдеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, бақылауға алынған. Басқа да жұмыстар талапқа сай атқа-рылған.
Жалпы алғанда аудан басшысының бұл жолғы халықпен кездесуінде проблемалық мәселелер көтерілмеді. Бұл аудан-да жұмыстардың жүйелі түрде атқарылып жатқандығының бір көрінісі болса керек. Дегенмен атқарылған істен атқарылатын істің де алда көп екені белгілі. Оған тек бірлесіп жұмыс жасағанда ғана қол жеткізуге болатынын әрқайсысымыз біле жүруіміз қажет сияқты.
Жаңабай
СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda