ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«АМАНАТТЫҢ» АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНДІ

Әлеумет
Ұзақ жылдан бері құрылыс саласында қызмет атқарып келе жатқан Анапия Алпысовтың есімі шардаралықтарға жақсы таныс. Аудандағы бірнеше әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне үлес қосқан Анапия Қожахметұлының ерен еңбегіне лайықты баға беріліп келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолынан «Құрылыс саласының үздігі» деген марапатты иеленген болатын. Жуырда тағы бір марапатқа ие болды. «Аманат» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің «Алғыс хатын» «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет салтанатты түрде табыс етті және өзінің атынан иығына оқалы шапан жапты.
–Шардара құрылысында Анапия Алпысовтың да жарқын қолтаңбасы бар. Ауданымызда Президент тапсырмасымен салынған «Жайлы мектеп» ғимаратының сәнді де сапалы аяқталуына Анекеңнің қосқан үлесі зор деп айта аламыз. Бүгінгі марапат құтты болсын. Халық игілігі үшін алдағы уақытта да аянбай еңбек ете беретініңізге сенімдімін, – деді Ережеп Құдайбергенұлы.
Қазіргі таңда «Nur-Akhmed group» құрылыс компаниясында учаске бастығы болып қызмет атқаратын Анапия Алпысов кеше ғана кіші қажылық парызын өтеп келді. Біз оқырмандар атынан майталман құрылысшыны марапатымен құттықтай отырып, деніне саулық, қызметіне жеміс тілейміз.
Г.БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Made on
Tilda