ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Мейірім» балаларға мейірімділік көрсетті

Әлеумет
Жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде кең көлемде аталып өтеді. Бұл – балаларға деген қамқорлық пен сүйіспеншіліктің, олардың құқықтарын қорғаудың маңызын дәріптейтін халықаралық мереке. Аталған мейрам 1949 жылы Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының сессиясында бекітіліп, алғашқы рет 1950 жылы тойланды. Содан бері бұл күнді әлем елдері жыл сайын атап өтіп келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл бастаманы қолдап, балалардың құқықтарын қорғауды, олардың өмір сүру сапасын арттыруды басты міндеттердің біріне айналдырды. Мерекенің басты мақсаты – балаларды зұлымдықтан, зорлық-зомбылықтан, аштық пен соғыстан қорғау, оларға бейбіт және бақытты өмір сыйлау.
1 маусымда – Халықаралық балаларды қорғау күні аудан әкімі Арман Қарсыбаев бірқатар отбасылардың үйлеріне арнайы барып, балаларды мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы балаларға арналған сыйлықтар табыстап, балалардың шат-шадыман күлкісі мен бақытты өмір сүруі – қоғамның ең маңызды құндылығы екенін атап өтті.
– Балалар – біздің болашағымыз. Олардың тәрбиесі мен амандығы – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деді Арман Қарсыбаев.
Мереке аясында аудан көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға ерекше көңіл бөлінді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан ашылған «Мейірім» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын биылғы жылдың басында бастаған болатын. Құрылғанына көп уақыт болмаса да негізгі міндеті – жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар қарттар мен балаларға, 18 жастан асқан психологиялық ауруы бар адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсететін бұл орталықтың жұмысы жолға қойылып, халық игілігін көре бастады.
Атап айтар болсақ, орталықта қазіргі таңда 112 бала есепте тұрса, оларға 22 әлеуметтік қызметкер үйде қызмет көрсетеді. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай олардың арасынан 19 балаға әлеуметтік қызметкерлер мен демеуші қыз-келіншектердің атсалысуымен қала орталығындағы «PLEI PARK» ойын алаңшасында іс-шара ұйымдастырылды. Мерекеде балаларға сыйлықтар салынған пакеттер тапсырылып, тәтті сусындар мен балмұздақтар ұсынылып, балалар кереметтей көңіл-күйге бөленді.
Іс-шараға қатысушыларды мерекемен құттықтаған орталық басшысы Сұңқар Мошқалов, қала әкімі аппаратының әлеуметтік сала бас маманы Ұлбала Смайлова, кәсіпкер аналар осындай игі шаралардың алдағы кезде де өткізіліп тұратындығын, оған балалар ретімен кезектестіріліп қатыстырылатындығын атап өтті. Бұл күн – балаларға қуаныш пен мейірім сыйлаған керемет күн болды.
Ж.ЖІГЕРҰЛЫ.
Made on
Tilda