ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті

Әлеумет
Аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында өз жұмысын алты жыл бойы атқарып келген аудандық Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті. Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұратбек Нұрпейісов ашып, жүргізді. Оған аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, аудан әкімінің орынбасарлары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Төраға алты жыл ішінде аудандық Қоғамдық кеңестің 46 отырысы ұйымдастырылып, 120 мекеме басшысының есептері тыңдалғанын және олардың жұмыстарын жетілдіру мақсатында кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар мен кеңестер берілгенін атап өтті. Сонымен қатар осы кезеңде тұрғындардан 279 өтініш түсіп, оның 265-і қанағаттандырылғанын мәлімдеді.
Жиын барысында сөз алған кеңес мүшелері — Тоқсанбай Бердібеков, Қыстау Ілесов, сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев — атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, көптеген маңызды мәселелердің шешілуіне Қоғамдық кеңестің ықпал еткенін тілге тиек етті. Басқа да кеңес мүшелері өздерінің қызмет аясында атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы уақытта «Инва» такси қызметінің ауылдық округтерге де қолжетімді болуына және мұғалімдерге коммуналдық төлемдер үшін қаржы бөлу мәселесіне назар аудару қажеттігін жеткізді.
Отырыста аудан әкімі Арман Қарсыбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар Қоғамдық кеңестің әр мүшесіне көрсеткен белсенділігі мен еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Жиын соңында төраға Мұратбек Нұрпейісовтің иығына шапан жауап, Тоқсанбай Бердібеков, Қыстау Ілесов, Кеншім Бекмағамбет, Қуаныш Ерназар, Дәулетбек Бектасов, Ұлықбек Жұман және қоғамдық кеңестің хатшысы Бақыткүл Аманжолованы Алғыс хаттармен марапаттады.
Отырыс соңында Мұратбек Нұрпейісов алты жыл бойы бірге жұмыс істеген әріптестері — Тоқсанбай Бердібеков пен Қыстау Ілесовке ризашылығын білдіріп, иықтарына шапан жауып, алдағы уақытта да қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, ауданның даму жолындағы ортақ істерге үлес қоса берулеріне тілектестік білдірді.
Осылайша бұрынғы аудандық Қоғамдық кеңес өз жұмысын сәтті аяқтап, жаңа құрам 18 наурызға дейін жасақталып, өз қызметін жалғастыратын болды.
Ж. ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda