ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Бір отбасын аман алып қалды

Әлеумет
Жиырма жылға жуық «Казтрансгаз» компаниясының Шымкент бөлімшесінде слесарь болып қызмет атқаратын жерлесіміз, Қоссейіт ауылының тумасы, осындағы «Сырдария» мектебінде ұзақ жыл ұстаздық еткен, “Достық” мектебінің директоры қызметін атқарған, ауданымызға белгілі ардагер болған Маңқараев Әлайдардың ұлы Маңқараев Ермахан кезекті қызметін атқару кезінде оқыс оқиғаға тап болды.
Газ шығып жатыр деген пәтерге шақыртумен келген ол есікті қосалқы кілтпен ашқанда газға уланып жатқан екі ересек адам мен екі баланы көреді. Газ құрылғысын өшіріп, дереу әрекет етіп баланың бетін өзіне қаратқанда көздері қызарып, демі жетпей жатқанын бірден байқап, аузын ашып, тілін тартып, жүрегіне массаж жасайды. Сол кезде барып бала дем ала бастайды. Осылайша өзгелеріне де көмектесіп бір отбасының төрт адамын өлімнен арашалап қалады.
Кейіннен анықталғандай Жүнісовтар отбасы Астанадан Шымкентке қыдырып келіп, пәтерді жалға алған екен. Алайда газдың мұржасы уақтылы тазаланбағандықтан шыққан газ иісі пәтерге жайылып, оқыс оқиға орын алған.
–Астанадан келіп пәтер жалдағанбыз. Газдың иісін алдын байқамай қалдық. Ермахан келіп көмектеспегенде мынау жарық дүниені көрмей қалуымыз да мүмкін еді. Өз өмірін қатерге тігіп, осындай ерлікке барған ұлды тәрбиелегені үшін оның ата-анасына да үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді Ғалия Жүнісова.
Ал, «Самұрық-Қазына Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басшылығы Ермахан Әлайдарұлының шеберлігі мен батырлығын елге үлгі ету мақсатында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының құрметті қызметкері» кәсіби ерекшелік белгісімен марапаттады. Дегенмен Ермахан бұл қызметін ерлік үшін емес, өзінің азаматтық борышы үшін атқарғанын айтады. «Ешкім де мұндай жағдайға тап болмасын. Ол үшін газ құрылғыларын жиі тексеріп, мұржаларын уақтылы тазалап тұрыңдар" дейді газ тұтынушыларға. Биылдың өзінде елімізде отызға жуық осындай газға улану оқиғасы тіркеліпті.
Қас-қағым сәтте ерлікке лайықты қызмет еткен Ермаханды жерлестері де мақтаныш етіп, алдағы жұмыстарында мол жетістіктер тілеуде.

Жаңабай ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda