ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ағамызбен 43 жылдан соң табыстық

Әлеумет
1990 жылдың 29 қыркүйегінде допты хоккейден «Динамо» (Алматы) – «Кузбасс» (Кемерово) командалары арасында тартысты кездесуде біздің команда 4-3 есебімен алда келеді екен. Ойын барысында комментатор жігіт: «Жақында Кемерово облыстық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы болып ұлты қазақ Аман Тулеев деген азамат сайланыпты» – деген сөзін құлағы шалып қалған Дербіс Қалдыбайұлы Әлжанов атамыз орынынан атып тұрып: «Осы айтып отырған адамы, біздің Амангелді-ау!» - деп топшылап, оған хат жазуға шешім қабылдайды.
Сол жылы Облыстық ауруханада емделіп жатқан Дербіс атама әкем Бұхарбай Әділханұлымен көңілін сұрап барғанымызда: «Бұхаржан, (ол кісі інісін солай атайтын) Кемеровоның облыстық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы Аман Тулеев деген қазақ дегенді теледидардан есітіп, сол біздің іздеп жүрген Амангелді ініміз-ау деген оймен хат жолдадым» дегені әлі есімде.
Жолдаған хатта Амангелдінің әке-шешесінің аты жөнін, өзінің кім екенін, қоныс тепкен жерлерін, қазір қайда тұратындарын бүге-шігесіне дейін қалдырмай баяндағанын, «егер мен іздеген інім болсаң, өзіңнен асыға хабар күтемін» – деп жаздым деді.
Жалпы, А.Төлеевке хат жолдаған Ұлы Отан соғысының ардагері Дербіс Қалдыбайұлы атамыз ұйымдастырушылық қабілетімен, білімімен, біліктілігімен облысқа, республикаға белгілі, күрделі де, қиын лауазымдарды әрдайым абыроймен еңсере білген қайыспас қара нардай жан еді. Сөзіме дәлел ретінде оның 1951-1963 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Ленгер қалалық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Ильич аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Мақтарал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1963-1967 жылдары Бүкілодақтық екпінді құрылыс атанған Шардара су қоймасы мен Су электр станциясын салу үшін арнайы құрылған «Чардарастрой» құрылыс басқармасының алғашқы парторгы (аудандық партия комитетінің дәрежесінде, ол кезде аудан құрылмаған), 1967-1980 жылдары Сарыағаш, Киров аудандарында аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1980-1984 жылдары облыс орталығы Шымкент қаласында «Жаңа жерлерді игеру және совхоздар» Тресінің бастығы лауазымдарында болды. Қазақстан Коммунистік партиясының IX, XI, XIII, XIY съездерінің делегаты, облыстық кеңестің тоғыз мәрте депутаты болып сайланған. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. 1984 жылдан Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер болатын.
Сонымен жолданған хатқа А.Тулеевтен жауап келмегендіктен Дербіс Қалдыбайұлы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы С.А.Терещенконың қабылдауында болып, оған мәселенің мән-жайын түсіндіріп, жазылған хаттың қолына тиген-тимегендігін біліп беруін өтінеді. Сергей Александрович ақсақалдың сөзін жерге тастамай, сол бойда А.Төлеевпен «кремлевка» арқылы байланысқа шығады. «Ассалаумағалейкум, Аман Гумирович, бұл Шымкенттен әріптесіңіз Сергей Терещенко» дейді. Аман: «Здравствуйте, Сергей Александрович, говорите по русский, я Вас слушаю» - дейді.
С. Терещенко: «Менің қабылдауымда Одақтық дәрежедегі зейнеткер, Дербіс Қалдыбайұлы Әлжанов деген ақсақал отыр. Ол кісі екі ай бұрын өзіңізге хат жолдаған екен, хат қолыңызға тиген болса, жауабын алғысы келеді» дейді. Амангелді, ол кісінің хатын алғандығын растап, хаттың мазмұнындағы мән-жайдан түсінік алу үшін Майкопта тұратын анасына жібергенін және міндетті түрде хатқа жауап беретіндігін айтады.
Хатты оқыған Амангелдінің анасы Мунира Файзовна өткен күндерін еске алып бір жылап алады да, баласына: «Ия, балам, хат жазған кісі сенің әкең Молдағазының інісі! Жазғанының бәрі шындық. Ол кезде көп қиындық көрдік қой, балам! Әкеңнің басына түскен ауыртпашылығы бізге де оңай болған жоқ. Сондықтан төркінімді сағалап, сенің төрт жасыңда Майкопқа кеттік. Міне, енді 43 жылдан кейін туыстарың табылып жатыр, олармен араласуыңа қарсылығым жоқ» - дейді.
1991 жылдың мамыр айында Жетісай қаласына Дербіс атамның көңілін сұрап барғанымда, Ханшайым әжеміз екеуі көңілдері көтеріңкі, шаттанып отыр екен. «Дүйсенжан, қуанышты хабар бар. Амангелдіден жедел хат келді, мә оқы!» - деп маған жеделхатты ұсынды.
Жеделхатта Дербіс Қалдыбайұлын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтапты.
«Мен туыстарымның табылғанына өте қуаныштымын! Рұқсат етсеңіздер, сіздермен тезірек табысуға барамын» деп жазыпты.
Сонымен көп ұзамай Амангелді ағамызды, марқұм, ауызын ашса жүрегі көрінетін Қосай Дербісұлы ағамыз (ол кезде Ташкенттегі «Ташмелиоводстрой» тресінің басшысы болатын) Ташкенттен күтіп алып, Жетісай қаласындағы Дербіс атамыздың шаңырағына алып келді. Бәріміз амандасып, ағамызды құшақтап мәре-сәре күйдеміз.
Амангелдінің келгенін есітіп, сол кездегі Шымкент, Жызақ, Сырдария облыстарының басшылары онымен амандасуға келді.
Амангелді ағамыздың өзінен жеті жас үлкен туған Бақтылы әпкесі де інісімен сағынысып көрісіп жаттыр. Айта кететінім, ол кезде Бақтылы апамыз Түркімен ССР-інің Калинин ауданындағы бір мектепте «Орыс тілі және әдебиеті» пәнінен дәріс береді екен. Ақсақалдар Амангелдіні ортаға алып, әңгімеге тартып отырғанда Бақтылы апамыз әрбір айтылған сөзді әдемі жеткізіп, екі арада тілмаш қызметін атқарып отырды.
Жетісайдан шығып, Шардара қаласындағы әкесінің басына гүл шоқтарын қойып, құран оқытып, ағайындарымен, аудан басшыларымен кездесті.
Сол кездегі ауданымыздың бірінші хатшысы марқұм Өтеғұл Жаулыбайұлы Тугелбаев ағамыздың шаңырағынан дәм татты.
Алғашқы таныстық осылай басталған болатын. Одан кейін де барыс-келісіміз жиілеп, Амангелді ағамыз бірнеше рет келіп, марқұм әкем Бұхарбай, Түгел, Абдулла, Сәду, Жұмабек ағаларымның дастархандарынан дәм татқан болатын.
Бір келгенінде әкем «түстік асқа Амангелдімен сенің үйіңе барамыз» деді. Ол кезде, Шардара қаласының Горький көшесінде тұратынбыз. Келген қонақтарға жұбайым Рая сәлем салып жатса, түсінбей тұрып қалған ағамызға әкем: «Салтымызда сәлем салған келінге алғыс айтылады» - деді. «Бақытты болыңдар, шаңырақтарыңда әрдайым молшылық болсын» - деді орысшалап. Шәй үстінде қонақтардың бірі, сол кездегі аудан әкімінің орынбасары марқұм Әмірбек Ерубаев көкеміз (бойы 2 метрге жуық ірі кісі болатын), Амангелді ағамыздан бойының биіктігін сұрады. Ағамыздың бойы 194 см екен. Әмірбек көкеміз: «Бойың да, ойың да биік азамат екенсің!» деп ризашылығын білдірді.
Амангелді ағамызға бірнеше рет қастандық жасалғанын білесіздер, осындай бір кезеңде үлкен ұлы Дмитрий Шардарадағы менің үйімде он күндей қонақ болғаны, Ташкент қаласында оқыған кіші ұлы марқұм Андрейдің апта сайын келіп, ағайындармен араласып тұратыны көзден кетсе де көңілден кеткен емес.
Мен өзім Кузбасста бірнеше рет болдым, жер атауларының біразы түрікше екен, табиғаты керемет, қазба байлығы мол екен.
2004 жылы ағамыздың 60 жасқа толған мерейтойында құттықтаймын деп келген нөпір адамның ішінен Қазақстаннан келген мені «бірінші Дүйсен кірсін» дегенде, бауырмалдығына, ағалық мейіріміне қатты риза болған едім.
Амангелді ағамыздың Ресейде, Қазақстанда, тағы да басқа елдерде көптеген іс-шараларға демеушілік жасағаны туралы естіп жүруші едік, соңғы сапарымызда тек қана Кемерово облысының өзінде 21 мешіттің пайдалануға берілуіне материалдық, моральдық жағынан да тікелей мұрындық болғанына көз жеткіздік. Кемерово қаласының орталығында анасының құрметіне арнап салдырған 3500 адамдық «Мунира» мешітінде балалар оқитын медресе де жұмыс жасап тұр екен.
Қазақ ұлтының мерейін асқақтатқан, айбынды да, батыр ағамыздың жасаған жақсылықтары мен игі істері руһын шаттандырып, жұмаққа жетелесін.
Киелі Шардара топырағында философиялық мағынада соғылған кесене, ауданның әлеуетін арттыруға, туристік саланы дамытуға септігін тигізсін.
Амангелді ағамыздың жылдық асына үлес қосып, жан-жақтан жиналып жатқан ағайынға ас қабыл болсын!!!
Дүйсен ӘДІЛХАНОВ —
Қаржы қызметінің үздігі
Made on
Tilda