ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АУДАН ПРОКУРОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Әлеумет
Аудан әкімшілігінің мәжіліс залында аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен жиын өтті. Онда кадрлық өзгерістер мәселесі қаралды. Аудан, қала, ауыл әкімдігінің, мекеме, ұйым, құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері қатысқан жиынды аудан әкімі Арман Қарсыбаев ашып, сөз кезегін Түркістан облысы прокурорының орынбасары Айтишев Досымхан Асқарбекұлына берді.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2024 жылғы 23 шілдедегі бұйрығымен Абдрайымов Руслан Әлжанұлының Түркістан облысы Қазығұрт ауданының прокуроры болып тағайындалуына байланысты Шардара ауданы прокуроры қызметінен босатылғанын, бұл лауазымға әділет кеңесшісі Әлі Алмас Ермекұлының тағайындалғанын хабарлап, Руслан Әлжанұлының Шардарада жемісті еңбек еткенін атап өтіп, екі жаңадан тағайындалған аудан прокурорларының алдағы жұмыстарына сәттіліктер тілеп, «Халыққа, елімізге адал қызмет ете беріңдер» деді Досымхан Асқарбекұлы.
Өз сөзінде Руслан Әлжанұлы бес жыл көлемінде бірге жұмыс жасаған әріптестеріне, аудан басшысы Арман Қарсыбаевқа, аудан ардагерлеріне деген ризашылығын білдірді.
«Бес жыл айтуға оңай болғанымен оның екі жылы карантинмен, пандемиямен, одан кейінгі қаңтар оқиғасы-мен жалғасып өткенімен шардаралықтардың сабырлылықтарының, бірліктерінің, ынтымақтастықтарының арқасында бәрі де сәтті өтті. Әлеуметтік желідегідей, теледидардағыдай оқиғалар бізде болған жоқ. Сол үшін де Шардара халқына ризамын» деген ол Қазығұрт ауданының үлкен жол бойында екендігін, ары-бері өткенде жолығып өте-мін дегендерге әрқашан есігінің ашық, барынша көмек көрсетуге де дайын екендігін айтты.
Жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков алғашқы жұмысын аудан ардагерлерінің батасын алудан бастаған Руслан Әлжанұлының аға буын өкілдерімен ақылдаса отырып еңбек еткенін, іскерлік қасиеттерін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Романұлы жаңадан аудан прокурорлары болып тағайындалған Руслан Әлжанұлы мен Алмас Ермекұлының алдағы жұмыстарына сәттілік пен жетістіктер тіледі.
Ж.ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda