Наурыз мейрамы қазақ даласында ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болған қасиетті мереке. Өйткені Наурыз – күн мен түн теңелген, тіршілік атаулының жанданып, береке-бірлік, тазалық пен татулықтың, қуаныш пен шаттықтың нұры жайылған уақыт. Дегенмен жыл басы ретінде тойланатын бұл мерекеге Кеңес үкіметі «діни мейрам» деген желеумен 1926 жылы ресми түрде тыйым салды. Соған қарамастан көктемнің шуақты мерекесі салт-дәстүрін берік ұс-таған қазақ отбасыларында жасырын тойланып отырды. Кеңес үкіметінің қаһарынан қорыққан қариялар құран, намаздарын жыңғыл арасына барып оқып келетін еді. Сонда да қазақтың салт-дәстүрі жоғалмай, ұрпақтан ұрпаққа жетті.
Желтоқсан оқиғасынан соң қазақ рухы оянып, салт-дәстүріміз қайта жаңғыра бастады. Соның шапағаты-мен 1988 жылы алғаш рет Наурыз мейрамын қайтадан тойладық.
Сол кезде мен Киров ауданындағы «Шұғыла» – «Рассвет» газеттерінде қызмет ететінмін. Көпшілік бір-бірімен құшақтасып көрісіп, амандық сұрасып, мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын ұсынып, мәз-мейрам болды. Аудандағы ірі мекемелер халыққа түрлі ас мәзірлерін дайындап ұсынды. Біз де редакция атынан халыққа бір қазан палау тарқатқанбыз.
Сол жерде «Наурыз көже» құйып отырған бір әженің айтқан сөзі жадымда қалыпты. «Наурыз көжеге кемінде жеті түрлі дәм қосылады. Сүр ет қосу – қыс тағамымен (етпен) қоштасып, ақ қосу – жаздың тағамы-мен (сүт, айран) қауышуды білдіреді екен. Ұрпағымыз судай тасып, көбейе берсін деген ниетпен су қоса-ды. Қазақтың сүйікті тағамы ет «ас мол болсын» деген ниетпен қосылады. Әдетте сүр ет пайдаланылады. Арпаны жиі тұтынса адамның қаны бұзылмайды дейді. Сондай-ақ Наурыз көжеге бидай, күріш, тары секіл-ді дәнді дақылдар қосылады. Бұлардың мәні – бір тамырдан өнген дәндер сияқты ұрпағымыз көбейіп, жайыла берсін деген тілек. Қазақ халқы ақты (сүт, айран) ежелден қасиетті санаған. Сондықтан көжеге сүт немесе айран қосады. Мұның астарында сүттей ұйып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын деген ниет бар. Сонымен бірге, көженің дәмін құрт келтіреді», – деп түсіндірген еді.
Алғашқы Наурыз тойынан есімде қалған тағы бір ерекше көрініс – соңында құран оқылған сәтте көшедегі жүргіншілер, мерекеге келген халықпен қатар, өтіп бара жатқан көліктер де тоқтап, ішіндегі адамдар шығып, барлығы бірдей қол жайып, бата жасады. Халқымыз Наурыз мейрамына осылай құрмет көрсетті.
Одан бері де біршама уақыт өтті. Егемендігімізді алып, көптеген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз қайта жанданды. «Наурызнама» аясында Наурыз мейрамын он күн бойы мерекелеуге қол жеткіздік. Көктеммен бірге барлық дүние жасарып, жаңғыруда. Жаңа жылда бір-бірімізбен сағына көрісіп, қайырымды іс жасап, аулаға ағаш егіп, гүл отырғызып, тазалыққа мән беріп, бірлік пен берекеміз артып келеді. Аналарымыз ұлттық киім киіп, күбі пісіп, май шайқап, жүн түтіп, жіп иіріп, сабау сабап, келі түйіп, ою-өрнек жаңғыртып, жігіттеріміз ат құлағында ойнап, көкпар тартып, бәйге шауып, қошқар көтеріп, күресіп, асық атып, жастарымыз Ай астында «Алтыбақан» теуіп, ақ сүйек ойнап, ән салып шаттыққа бөленуде. Барлығы да Наурыз мейрамының шапағаты.
Олай болса, Наурыз мерекесі әрбір шаңыраққа құт-берекесін ала келсін деп тілейміз.
Ж.СЕЙДУӘЛИЕВ–ардагер журналист