ШАРТАРАП ШАРАЙНА

КӘСІБИ БАҒДАР – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Әлеумет
Мамандық таңдау – адамның өміріндегі аса маңызды әрі жауапты кезең. Әрбір жас өз болашағын қалаған мамандығымен байланыстырады. Дегенмен, бұл шешімді дұрыс қабылдау үшін кәсіби бағдар берудің маңызы зор. Кәсіби бағдар – оқушыны ақпараттандыру ғана емес, бұл – оның болмысын тануға, мүмкіндігін ашуға, арманын жүзеге асыруға бағытталған жүйелі жұмыс.
Биылғы 2025 жыл елімізде "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл бастама техникалық және кәсіптік білім беруге басымдық беріп, жастардың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Заманауи дәнекерлеуші, электрик, механик, аспаз, дизайнер немесе IT-технигі – барлығы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар. Бүгінде кәсіби білім алып, жақсы табысқа қол жеткізіп жүрген жастардың саны артуда. Бұл қоғамдағы жұмысшы мамандығына деген көзқарастың оң өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Кәсіби бағдар беру – жастардың бейімін, қызығушылығын, қабілетін анықтау, оқушыны өзіне лайық мамандықпен ерте таныстыру, жоғары оқу орнын немесе колледжді саналы түрде таңдауға көмектесу, қоғамдағы еңбек бөлінісін үйлестіру және жұмыссыздықты азайту үшін қажет.
Мектеп қабырғасында кәсіби бағдар беру арқылы біз жасөспірімдердің болашақтағы қателіктерінің алдын аламыз. Өкінішке қарай, қазір көп жастар өз қабілетіне сәйкес емес, қоғамдағы беделге қарап мамандық таңдайды. Бұл – олардың кейін мамандықты ауыстыруына, кәсіби күйзеліске ұшырауына себеп болуы мүмкін.
Баланың болашағына қатысты шешімдерде ата-ана басты рөл атқарады. Олар кейде баланың бейімін ескермей, өз қалауын таңуға тырысады. Бұл – кәсіби бағдардағы ең жиі кездесетін қателік. Ата-ана баласына сенім артып, оны тыңдай білуі, қызығушылығын қолдауы керек. Ал мұғалім мен кәсіби бағдар маманы бала мен ата-ана арасында дәнекер болып, дұрыс бағыт ұсынуы қажет.
Кәсіби бағдар беру жұмысы мектепте үздіксіз, жоспарлы түрде жүргізілуі керек. Бұл бағытта: кәсіби тесттер мен сауалнамалар, түрлі сала мамандарымен кездесу, кәсіптік бағыттағы пән апталықтары; колледждер мен ЖОО-ларға экскурсиялар, жұмыс берушілермен әріптестік байланыстар маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, заманауи әдістерді қолдану, цифрлық платформалар арқылы онлайн тестілеу, кәсіптік қызығушылық карталарын толтыру – оқушыны жақсы тануға көмектеседі.
Кәсіп – адамның өмірлік серігі. Жастардың болашақтағы бақыты мен табысты болуы – бүгінгі таңдаған жолына тікелей байланысты. Сондықтан кәсіби бағдар беру – уақытша шара емес, бұл – ұлт болашағына салынатын инвестиция. Жас маман саналы мамандық таңдаса, елдің ертеңі де сенімді болмақ.

У.ТУЛЕШОВА - Әлімбетов атындағы ЖББМ
кәсіптік бағдар беру педагогы.

Made on
Tilda