ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ШОҚТЫҒЫ БИІК ЖУРНАЛИСТ ЕДІ

Әлеумет
"САНҰР - ТВ" телеарнасының ұйымдастырушысы Саржанов Тұрсынхан Құдайқұлұлы

Күнделікті әлеуметтік желіні ақтарып, жаңалықтармен танысып отырғанымда онда жарияланған Тұрсынхан ағаның суреті көзіме оттай басылды. Сол баяғы қалпында қолына камерасын ұстап, келесі түсірілімін жүргізіп жатқандай. Дереу суреттің қасында жазылған сөз тіркестеріне көзімді жүгірттім. 2024 жылдың 27 маусымында «28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні» мерекесіне орай ересек ерлер арасында кіші футболдан іріленген Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, «Санур» телеарнасының негізін қалаушы, жеңіл атлетикадан спорт шебері Саржанов Тұрсынхан Құдайқұлұлын еске алу турнирінің өтетіндігі жөнінде жазылыпты. Не деген көптен күткен қуанышты хабар болды бұл! Сол мезетте-ақ мобильді телефонымның статусына, группаларға салып, таныстарыммен өз қуанышымды бөлістім.
Мені 1989 жылы Киров аудандық «Шұғыла-Рассвет» газеттерінде жұмыс жасап жүргенімде «Қазақстан-Шымкент» облыстық телеарнасының басшысы Байдулла Қонысбековпен және Тұрекеңмен алғаш таныстырған газетте бірге жұмыс жасайтын Әлмахан Исахов еді. Ол кісі бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Киров, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы меншікті тілшісі болған. Сол кезден бастап Тұрекеңмен аға-іні ретінде әрі саламыз қарайлас болғандықтан жиі араласып кеттік.
Бірде Тұрекеңе К-34 каналының соңғы жағын біреулер бұзып, ағын суды тоқтата алмай ысырап болып жатқаны жайлы хабарласқанымда дереу келіп, таспаға түсіріп, тиісті орындарға жіберіп, тез шешілуіне көмегін көрсетті. Тағы бірде Жетісайда камерасын қолына алып, шұғыл таксиге мініп жатқан жерінде жолықтым. Дереу менің көлігіме отырып «Кеттік!» деді. Содан Абай көшесінің бойында көлік қағып кеткен иттің жол ортасында өліп жатқанын барып түсірді. Шамасы біреулер хабарлаған болуы керек. Таспаны тиісті орындарға жіберіп, дер кезінде итті жолдан алдырды. Содан біраз әңгімелесіп, тарқастық. Бірақ, өзінің сырқаттанып жүргенін сездірмеді. Бұл соңғы кездесуіміз екендігін екеуіміз де білмедік.
Ардақты аға өз өмірінің басым бөлігін журналистика саласына арнады. Алдымен аудандық «Жетісай» және облыстық «Южный Казахстан» газеттерінде фототілші, кейіннен 1991 жылы Қазақстан киноматографистер Одағы Қазақ киноқоры облысаралық «Арман» кинобейне студиясының Жетісай бөлімшесінің директоры болып тағайындалды. Ал, 1993-1998 жылдары облыстық телерадио компаниясының Мақтаарал, Шардара, Киров және Жетісай ауданаралық тілшілер қосын басқарды. Одан кейінгі үш жылда «Қазақстан» теледидары мен радиосы республикалық корпорациясының «Ақшам» ақпараттық бағдарламасының Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан Республикасы бойынша меншікті тілшісі болып еңбек етті. Осы саланы жанымен сүйген ол 2000 жылы Мырзашөл топырағында тұңғыш рет «Санур–ТВ» телеарнасын ұйымдастырды.
Тұрекең тынымсыз ізденісі мен қажырлы еңбегінің арқасында қазақтың маңдайалды перзенті, көреген басшы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Мырзашөл өңіріне жасаған сапары жайлы, ақиық ақын Мұқтар Шахановтың 50 жылдық мерейтойы, Мақтаарал ауданының 80 жылдығы, Социалистік Еңбек Ері Жұмагүл Сәуірбаева және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай Мақтаарал ауданының тыныс-тіршілігі туралы фильмдер түсіріп, ол дүниелері облыстық, республикалық телеарналардан көрсетілді. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына байланысты телефильмдер дайындағаны үшін «Мерейлі естелік» медалімен марапатталды. Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының, Мақтаарал аудандық, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және бірнеше медалдармен марапатталған. Іріленген Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы.
Жиырма жылдан астам тарихы бар қара шаңырақтан қаншама шәкірт қанаттары қатайып ұшып шықты. Атап айтқанда «Астана» телеарнасының жаңалықтарын жүргізуші Бекболат Сатуов, «Ұлттық арна» тілшісі Асылбек Данияр, «Қазспорт» телеарнасының тілшісі Бейбіт Исаева, Ұлттық арнаның бейнеоператоры Әбдіғали Тыныбеков еңбек жолын «Санур» телеарнасынан бастағандарын мақтанышпен айтады.
– Ең алғаш журналистика саласына қолымнан жетелеп алып келген, қасына өз баласындай ертіп жүріп, білгенін үйреткен сол алғашқы ұстазым – Саржанов Тұрсынхан Құдайқұлұлы болды. Қолыма қалам алып, әрнәрсені ермекке шимақтап жүргенімде мәтін жазудан бастап кіммен қалай сөйлесу керектігін, толыққанды материал жазудың жолдарын, сұрақты дұрыс қоюды, тіпті микрофонды қалай ұстап, суретке қалай түсіру керектігіне дейін үйретіп, қателерімді талай түзеген еді сол кісі. Кейде жазған материалдарымды бір қарап шығып қайтарып беретін. «Қай жері дұрыс емес?» десем, «Өзің ойлан, басыңды істет. Бас адамға көтеріп жүру үшін ғана емес, ойлап, түзетуге берілген» деуші еді, – дейді шәкірттерінің бірі Бауыржан Найманов.
Тұрсынхан аға журналистика, оның ішінде телевизия саласында көптеген шәкірттеріне ұстаз болды. «Өмір өз дегенін істетеді. Ертелі-кеш біздің орнымызға сендер келесіңдер, сендердің орындарыңа да жастар келеді. Сол кезде көзің тірі болса кімге не үйреткеніңді, қалай үйреткеніңді көресің. Жақсы немесе жаман ұстаз болдың ба — халық бағасын береді. Сол кезде ұятқа қалмауға әрекет жасау керек» дейтін.
Тұрекең отбасында Ұлтуаш жеңгемізбен екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде үлкен қызы Гүлмира өзі негізін қалаған «Санұр-ТВ» телеарнасының директоры, Эльмирасы тұрмыста. Көпбалалы ана, жеке кәсіпкер. Кенжесі Ерлан облыстық прокуратурада қызмет атқарады. Үлкен ұлы Нұрлан Саржанов (марқұм) ұзақ жыл «Қазақстан» телеарнасының «Ақшам» ақпараттық бағдарламасында телеоператор болып жұмыс істеді. Зайыбы Ұлтуаш — зейнеткер. Тұрыскеңнің салып кеткен сара жолын жалғастырып жүрген қызы Гүлмира елдің қуанышы мен мұңын үлкен мінберден көтеріп, елдің құрметіне бөленіп, аудандық мәслихаттың депутаты, Мақтаарал, Жетісай аудандарының Құрметті азаматы атанды. Осыдан оншақты жыл бұрын осы өңірдегі журналистерді біріктіріп, журналистер қосын құрды.
Тұрсынхан ағамыз Ташкент қаласында оқып жүргенінде жеңіл атлетикамен, оның ішінде гимнастикамен айналысып, іріктелген құрама команданың қатарында болған. Өмірінің соңғы күніне дейін турникке тартылып келді. Үйінде спорттық гантел, гир тасы секілді бірнеше түрлі спорт құрылғылары болатын. Сондықтан Тұрсекеңнің атындағы бұл турнир нағыз керек уақытында қолға алынып отыр деп есептеймін. Оған атсалысып жүрген барша азаматтарға деген алғысым шексіз.
Турнир 27 маусым күні Жетісай қаласында өткізіледі. Жүлде қоры бірінші орын-200 000, екінші орын-150 000, үшінші орын-100 000, төртінші орын 50 мың теңге болып белгіленген.
Сөзімнің соңында баршаңызды турнирге қатысып, Тұрсынхан ағамыздың рухын биікке бірге көтеріп, жүлде алып қайттыңыздар дегім келеді!

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Made on
Tilda