ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жетпістегі Жұмекеңді жігіт дерсің

Әлеумет Денсаулық
Адам өмірі – бұл жарық әлемде ең қымбат, еш бағамен өлшенбейтін асыл құнды дүние. Ал, дәрігердің көмегімен сақталып қалған әрбір адам өмірі – бұл жеңіс. Сондықтан болар халық дәрігерлерді «Денсаулық сақшылары» деп орынды атайды. Олар төзімділіктің, ізденімпаздықтың, ниетінің түзулігі арқасында ғана жақсы дәрігер бола алады.
Медицинаның Ұлы ұстазы Гиппократ дәрігердің адамды алдымен жылы сөзімен емдеуі керектігін тектен текке айтпағандығын өмірде көріп жүрміз. Дерті ауыр науқасты ажалдан арашалап, оларға өмір сыйлап,
жандары бірге ауыратындар да сол дәрігерлер қауымы.
Медицина саласында 45 жылға жуық жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықса да халықтың денсаулығын жақсартуға үлесін қосып келе жатқан, алдына келгендерді жылы шырай танытып қарсы алып, аудандық орталық ауруханада терапевт-кардиолог қызметін абыроймен атқарып жүрген қолы шипалы ақ халатты азамат –
Нұрмышев Жұмабек Қаныбекұлы.
Ол облысымыздағы Келес ауданының Димитров бөлімшесінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Осындағы Т.Бигелдинов атындағы орта мектепті бітірген соң арман қуып Целиноград Мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Ондағы басты мақсаты осы институттың бірінші бітірушісі, аспирантураны тамамдаған, қазіргі таңда зейнеткер болса да қызмет жасап жүрген немере ағасы, профессор Шайзында Жанадиловтай білікті дәрігер болып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсету болды.
Мемлекеттік дипломын қолына алған Жұмабек Қаныбекұлы алғашқы еңбек жолын облыстық ауруханада бастап, бір жыл интернатурадан өткеннен соң Шардара медицина бірлестігінде учаскелік терапевт, кейіннен терапевт бөлімінің меңгерушісі болды.
Осы жылдар арасында облыстық аурухананың пулмонология бөлімін басқаратын білікті дәрігер Жұмакеш Әжімұханбетовтің көп тәжірибесін үйреніп, Шардара аудандық ауруханасын 22 жыл басқарған Кеңес Әбуовтің қатал мектебінен өтті. Дәрігерлік – салғырттықты, білмей қалуды және қателікті кешірмейтін мамандық екенін, сонымен қатар кейбір науқас адамдар дәрігердің шеберлігіне сенгенде ғана ауруынан айыға алатынын көріп, білді. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегендей жоғарыдағы білікті дәрігерлерден үйренгендері мен көргендерін, өзінің ойында жүрген идеяларын аудандық ауруханада басшылық қызмет атқарған жылдарда іске асырып, халықтың денсаулығын сақтап, жақсартуға жаңа бір леп алып келді. Кейіннен жиырма жыл көлемінде аудандық медицина бірлестігінің бас терапевті қызметін атқарып, жоғары санатты дәрігер болды.
Бір салада 44 жыл үздіксіз қызмет жасау оңай емес, әрине. Бірақ Жұмекең жасады, жасап та келеді. Күніне үш адамды емдегенде жылына мыңнан асады екен. Ал, оны еңбек өтіліне көбейте беріңіз. Аудандағы ересек адамдар түгелдей десекте болады. Ал, әр жылы 10-15 науқасты «Инфаркт миокарды» ауруынан аман алып қалуы ше? 500-ден астам адамның өмірін сақтап қалу үлкен жетістік деп ойлаймыз.
Қазіргі кезде инсульт көбейіп кетті. Дүние жүзінде әр жылы 7 миллион адам инсульттен көз жұмады екен. Қазақстанда да 40 мыңға дейін инсульт орын алады, оның он пайыздан астамы алғашқы күндерде өмірмен қоштасады екен. Осыншама адам сауығып өз жұмыс орындарына оралғанымен арада бес-алты жыл өткенде қайта инсульт алуы мүмкін екен.
– Қан қысымын бірден төмен түсіріп жіберу ми мен жүректің қанмен қамтамасыз етілуін нашарлатады және қан ағымы қысымының төмендеуіне пропорционалды түрде азаяды. Демек, бас айналуы, бас ауруы, тахикардия, ишемиялық инсульт немесе инфаркт миокардіне алып келеді.
Барлық гипотензивті препараттар қан қысымын төмендетуді қамтамасыз ете алады, бірақ гипертониялық ауруды түпкілікті емдеуге қабілетті емес. Сондықтан ГБ емделуші өмір бойы үздіксіз емдеуді қажет етеді.
Жоғары қан қысымы – мидың микротамырларының тарылуына байланысты ми қан айналымының бұзылуына мидың табиғи қорғаныс «компенсаторлық» реакциясы. Қан қысымын жоғарылату арқылы ми өзін ишемиялық инсульт қаупінен қорғайды, – дейді Жұмабек Қаныбекұлы.
«Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы берік ұстанған ол, әр адам өз денсаулығына өзі жауапты екендігін, бір ауру түріне берілген дәрі адам ағзасының келесі сау бөлігіне кері әсер етіп жататыны, сондықтан қан қысымын түсірудің табиғи жолдарын көбірек қарастыру керек екендігін үнемі емделушілерге ескертіп отырады.
Жұмабек Қаныбекұлы өзінің іс-тәжірибесін кейінгілерге үйретіп, шәкірттерін тәрбиелеуді де есінен шығарған емес. Соның бірі Абдіраханова Гүлнара қазіргі кезде аудандық орталық ауруханада терапия бөлімінің меңгерушісі, білікті маман, Оразбаева Гүлнәр облыста бас кардиолог, жас маман Сахадинова Ұлдана резидентураны бітіріп, өзімен бірге жұмыс атқарады.
Абырой мен атақ сіңірген еңбекпен, төгілген термен келеді. Жұмекеңнің еткен еңбегі мемлекет пен аудандық, облыстық басшылық тарапынан лайықты бағасын алыпта жатыр. Медицина саласындағы атқарған қызметі үшін 2013 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі С.З.Қайырбекованың бұйрығымен «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған ол 2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекеттік «Шапағат» медалінің иегері атанды. Сол сияқты 2012 жылы «Жылдың үздік дәрігері» номинациясы беріліп, «Шардара ауданына 55 жыл», «Шардара қаласына 50 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапатталған.
Отбасында да бақытты жан. Ұзақ жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан жұбайы Мария Нұрмышевамен бірге үш ұл мен төрт қызды тәрбиелеп өсіріп, олардан көрген 14 немеренің ата-әжесі болып отыр. Перзенттерінің бәрі де жоғары білімді. Жанар қызы психолог маманы болса, Гаухар, Гульнара және Тохтары әке жолын қуған дәрігерлер. Асқары аудандық су электр станциясында инженер болса, Мұхтары – экономист. Динарасы – мұғалім.
«Денсаулықты сақтау үшін адамға берілетін төрт-ақ кеңес бар. Ол – күш жұмсайтын еңбекке белсенді болу, дұрыс тамақтану, зиянды қылықтардан аулақ болу, жүйкені аяу. Өзіңе де, бала-шаға, туған-туыс, қоғамға да денің сау болса керексің. Өз денсаулығың өз қолыңда» дейді Жұмекең.
Мен барлығын білемін деген дәрігерден қорқу керек. Медицинада жеке саласы болса да барлығын білу мүмкін емес. Күнде бір жаңалық ашылып жатады. «Қанша көп оқысам-сонша білмейтінімді білемін» деген екен бір данышпан. Білім деген ақымақты ақылды етіп, ақылдыны данышпан етеді. Білім адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін нәрсе. Оқымай білімді боламын дегендер тормен су алғысы келгенімен тең. Біз қанша көп білсек, сонша нәрсе қолымыздан келеді. Дәрігердің тәуірі – ауруға ауру қоспау» деген Жұмекеңнен қазіргі медицинадағы олқылықтар туралы сұрағанымызда мединституттардың ақылы болуы, ондағы ұстаздардың кәсіби деңгейінің төмен болуы, мединституттардан салалы емес, жалпы тәжірибиелі дәрігерлердің шығуы, педиатория факультетінің жабылып қалуы қателік болғандығын айтты.
Бүгінде 70 жасқа толып отырған Жұмабек Нұрмышевті аудан халқы жақсы таниды десек болады. Сол сияқты Жұмекең де Шардара ауданын өркендетуге атсалысқан, ауданды, мекемелерді басқарған тұлғалар туралы жақсы біледі. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде атсалысатын ол жастармен кездесулерде, ардагерлер кеңесінің жиындарында, түрлі отырыстарда айтып, өнегелі еңбек жолдарын кейінгі буынға үлгі етіп отырады. Олардың қатарында медицина саңлақтары да бар.
Жұмабек жайлы 40 жылдан астам мерзім бірге қызметтес болған, «Еңбек ардагері», «Денсаулық саласының үздігі» медальдарының иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы Мыңбаев Пазылхан Нәліханұлы:
– Жұмекең жүрегі кең, кішіпейіл, мейірімді, сонымен қатар сауатты азамат. Ол үнемі біліктілігін арттырып отырады. Медицинадағы жаңа емдеу шараларын тез меңгереді. Әр емделушімен ашық-жарқын әңгімелесіп, дертіне шипа сыйлайды. Аңыз әңгімелерді көп біледі. Ешқашан зеріктірмейді. Жас мамандарға үйретері көп. Тағы бір қасиеті – біреудің сыртынан артық сөз айтқан жан емес, – десе, еңбек ардагері Ислам Омаров:
–Мен 2015 жылы көкірегім ашып, Шымкентте «Даумед» емханасына тексеріліп дәрілер алып, екпе салдырдым. Қоймады. Кейін Жұмабекке көріндім. Ол он күн емдеп, порталмен Шымкентке жіберіп, «Кардиоцентрде» жүрегімді түсіртті. Екі артерия тамыр 95, күретамыр 70 пайыз бітелген екен. Содан ота жасаттым. Бұл Жұмабектің білгірлігін көрсетті.
Жыл сайын көктемде, күзде екі рет больницаға жатып жүріп, 2022 жылы «Ковид» кезінде жата алмай қалдым. Содан күзде жүрегім қайта шаншып Астанада ННМЦ деген больницада емделдім. Шыққанымда үйде ішетін дәрілер мен уколдар берді. Мен оларды көріп ауылдағы емдеуші дәрігерімнің де осындай дәрілерді беретіндігін айтқанымда «Осындай дәрілер берген болса мықты дәрігер екен» деді. Міне, мен Жұмабектің мықты кардиолог екендігіне осылай көз жеткіздім. Қазір денсаулығым жақсы. Оның еңбегі мен білгірлігін үнемі айтып жүремін. Алғысым шексіз, – дейді.
Дегенмен мақаланы дайындау барысында халық өзі іздеп тауып, дертіне шипа іздейтін Жұмекеңнің өмір дерегінен ауданның Құрметті азаматы деген атақты кездестіре алмадық. Осындай атақ алғандардың біразынан Жұмекеңнің еңбегі де, мерей, мәртебесі де биік екендігін есімізге алдық. Жұмекеңе «Жетпіске келгеніңізбен әлі де жігіттейсіз. Марапаттардың талайы әлі алда күтіп тұрған шығар. Биыл сізге той жылы болсын» деп күш-қуат сыйлағандай болдық.
Иә, Жұмекең осындай елге де, бәрімізге де керек азамат. Еңбек жолы жастарға үлгі, өнеге бола берсін дей отырып 70 жасыңыз Сізге мол қуаныштар мен жетістіктер алып келетін жыл болсын, қартаймаңыз, орныңыз әрқашан төрде болсын деген тілек айтамыз!

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda