ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ЖЕРЛЕСІМІЗ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚОЛЫНАН МАРАПАТ АЛДЫ

Әлеумет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-азаматтық белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі үшін Алматы қалалық автобус жүргізушісі Қанат Ахметовті «Шапағат» медалімен марапаттады.

Мемлекеттік награданы Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин табыстады. Ол Қанат Ахметов 2025 жылы Президент жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған соң марапатқа ие болған еңбек мамандықтарының алғашқы өкілі болғанын атап өтті.

«Мемлекеттік наградаға ие болу мен үшін үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Бұл қоғам игілігі үшін адал еңбек етуге, әріптестерім мен жақындарыма үлгі болуға ынталандырады. Қарапайым еңбек адамдарына Президенттің назар аударып, елдің дамуына қосқан үлесін мойындағаны қуантады», – деді Қанат Ахметов.

Еске сала кетейік, бұған дейін №66 қалалық маршрут автобусының жүргізушісі Қанат Ахметов арбадағы мүгедек жолаушыға назар аударып, көмек көрсеткені үшін мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың атынан Алғыс хат пен сыйлық алған болатын.

Қ.Ахметов 4 бала тәрбиелеп отыр, «Алматыэлектротранс» компаниясында автобус жүргізушісі болып жұмыс істегеніне бір жылдай уақыт болды. Мүгедек жолаушының көлікке арнайы көтергіштің көмегімен мінуіне жәрдемдескені туралы оқиға әлеуметтік желіде көптеген жағымды пікірге ие болып, қала тұрғындарының алғысын алған.

Айта кетейік, Қанат Ахметов – Шардараның тумасы.

Жерлестеріміздің жарқын істері мол болғай!
Made on
Tilda