ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мемлекеттік рәміздер – ұлтымыздың мақтанышы

Әлеумет Cаясат
Мемлекеттік рәміздер – ұлтымыздың мақтанышы
Еркіндікке ұмтылған қай ел, қай халық та өз тілінде, өз үнімен сөйлеуді, жар салуды армандайды. Сонымен қатар өз елінің белгісін таңбалап, айшықталып, оның жоғарыда менмұндалып көрініп тұрғанын қалайды.
Егеменді еліміз басқа мемлекеттермен терезесі тең өркениетті ел ретінде танылып, Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұранымыз бекітілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен 4 маусым – «ҚР Мемлекеттік рәміздер күні» болып белгіленді.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін әлемге паш ететін нышандар. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Қазақстан халқы Тәуелсіздікке оңайлықпен жеткен жоқ. Аңсап, зарығып жетті. Сондықтан да сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз керек. Әрбір қазақстандық Туды, Елтаңбаны, Әнұранды тұмардай қасиет тұтуы тиіс.
Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылатынын келешек ұрпақ сезінуі тиіс.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық Заңында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері болып табылатындығы, оның айшықты белгілері анық көрсетіліп, олардың эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталатындығы белгіленген. Сондай-ақ заңда Мемлекеттік рәміздердің орналастырылатын, пайдаланылатын орындары да белгіленіп көрсетіліп, сонымен қатар жауапкершілік туралы да жазылған.
Жоғарыда келтірілген Конституциялық Заңның 13-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп жазылған. Туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз елеулі, Әнұранымыз айбатты болсын, ағайын!
Гүлжан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda