ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Сәкең іскер басшы, халыққа қамқоршы бола білді

Әлеумет
Мен Шардара ауылында туылып, өстім. Осында әр салада – комсомол ұйымының хатшысы, ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы, директордың орынбасары, совхоз директоры қызметтерін атқардым.
Ал, Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіров Шардара совхозына директор болып келгенінде мен де Кеңес Армиясы қатарынан оралып, №1 фермаға зоотехник болып қабылдандым, кейіннен ферма меңгерушісі болдым. Сол кездерде Сейітқасым ағамен бірге қызмет жасап, көп іс-тәжірибесін үйрендім. Оның пайдасын қазіргі күнге дейін көріп келемін.
Кеңес Одағының тұсында жоспарлы экономика кеңінен қолданылғаны барлығымызға мәлім. Сондықтан да Сәкең директор ретінде әр мал фермасының меңгерушілеріне тиісті талаптар қоя білді. Нәтижесінде әр жүз саулықтан жоспарға сай қозылар алынды. Мемлекеттік деңгейдегі жоспар да ұдайы орындалып отыратын. Бұл тұрғыда да Сейітқасым Әшіров ағамыздың тиянақты тірліктерін, жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілетін айтпасқа болмайды. Ол кісі ұдайы кабинетте отырмастан қой фермаларын, отарларын аралап тұратын. Шопандардың қал-жағдайларын білу арқылы олардың мұң-мұқтаждарын да тыңдады. Уақтысында көмек беріп отырды. Сонымен қатар Әшіров ағамыз қарамағындағы қызметкерлерге тиісті міндеттерді жүктей отырып, оның орындалуын да қатаң қадағалап отырды.
Жалпылама айтқанда, Сәкеңнің басшылық еткен дәуірінде Шардара кеңшары өте жақсы жетістіктерімен танылды. Бұл жетістіктердің барлығында ол кісінің қанық қолтаңбасы қалды. Сейітқасым ағамыздың іскерлік қабілеті дүйім жұртқа үлгі болғанын айтуға тиіспіз.
Сәкең кейбір маңызды мәселелер туындаған жағдайда ақылға салып, парасаттылықпен, әділдікпен шешуге дайын тұратын. Ал, олардың кейбірін мерзімінде шешуге мүмкін болмаған жағдайда жоғарғы органмен ақылдаса отырып, түйткіл тірліктерді тиянақтылықпен жолға қойды. Ол кісі мал шаруашылығына, оның дамуына баса мән берді. Сол арқылы Шардара кеңшарының да қарқынды түрдегі дамуы толастаған жоқ. Аталған жетістіктер қазіргі күндері тарих қойнауына енгенімен мәңгілік өшпейтін, көпшіліктің жадынан шықпайтын естелік болып қалды.
«Адамды қызмет емес, адам қызметті көрікті етеді. Мақсатты, мақсатсыз қандай қызмет атқарсаң да ең негізгісі халыққа адал қызмет ету, жақсы істеріңмен, өнегелі өміріңмен қоғамға пайда келтіру. Бақыт деген мансапта емес, бақыт – елге жақсылық жасау, қоғам тапсырған жұмысқа жауапкершілікпен қарау, елге қамқор болу, ел көңілінен шығу, адалдықтың ала жібін аттамау, әділ болу, ешкімге қиянат жасамау» деп айтып отыратын Сәкең.
Сол бір бірге жүрген сәттерді сағынышпен жиі есіме аламын. Ал, ол кісінің Ұлы Отан соғысындағы жанкешті ерлігін барлығымыз да жатқа білеміз. Ұрпаққа ұран болған сол ерлік мәңгілікке ұмытылмастай болып қалды. Кеудесінде Батырдың Алтын жұлдызы жарқыраған Сейітқасым Әшіров сынды қаһарманды бүкіл ел мақтан тұтты. Сол сұм соғыстағы батыр ретіндегі даңқы да кейінгі буынға өшпес және мәңгілік үлгі болары тағы анық. Қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де Сейітқасым Әшіров сынды тұғырлы тұлғаларды көпшілік әсте естен шығармауы тиіс. Ол кісінің өнегелі өмірін кейінгі буын жатқа оқып білуі қажет. Сәкеңнің өмір жолы мен іс-тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Made on
Tilda