ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жастар тәрбиесі – қоғам тұрақтылығының негізі

Әлеумет
Шардара ауданында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Қармақшы жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған маңызды кездесулер өтті. Бұл іс-шаралар қала және ауыл округтерінде орналасқан аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері және жастардың қатысуымен өткізілді.
Кездесулер барысында «Дін және қоғам», «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу», «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу», «Ұлтаралық татулық пен дінаралық тұрақтылық» тақырыптары кеңінен қамтылды. Іс-шараға Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Аманов, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог А.Данияров, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Е.Сариев, орталық аурухананың нарколог дәрігері Г.Тойтанова және салауатты өмір салтын насихаттаушы дәрігер Б.Ибадулла қатысты.
Кездесуде А.Данияров елімізде тұрақтылық пен келісімді сақтауда діннің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, түрлі діндер мен конфессиялар бейбіт өмір сүруге бейім, ал өзара түсіністік пен сыйластық – қоғам дамуының негізі. Әлемге үлгі боларлық тәжірибе ретінде Қазақстанда үш жыл сайын өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер съезін атап өтті. Ол жастардың тәрбиесіне, әсіресе, дін саласында дұрыс бағдар беру қажеттігін ерекше айтты. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығын мысалға ала отырып, діни тәрбиенің негізі отбасында қалануы тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар, нарколог дәрігер Г.Тойтанова нашақорлықтың қоғамға төндіріп отырған қаупі туралы жан-жақты айтып өтті. Ол нашақорлықты «биопсихо-әлеуметтік рухани» бұзылыс деп атап, бұл дертке шалдыққан адамның өзіне де, айналасына да зиян келтіретінін, рухани және психологиялық күйзелістерге ұшырайтынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы ретінде жастарға ұлттық дәстүр мен имандылықты насихаттау, олардың өмірлік бағытын дұрыс қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі баса айтылды. Салт-дәстүріміздегі тәрбиелік құндылықтарды жастарға үлгі етіп, сөз бен істің бірлігін сақтау – әрбір азаматтың парызы екені жеткізілді.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda