ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Тіл – достық пен ынтымақтастықтың көпірі

Әлеумет
2017 жылға дейін «Тілдер мерекесі» 22 қыркүйекте аталып өтетін, «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес, қыркүйектің 5-і Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген. Бұл өзгерістің басты себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тілі үшін күрескен, Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығының ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет сарайында халықтың ана тілімізге деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында «Тіл – достық пен ынтымақтастықтың көпірі» атты мерекелік концерт өтті.
Келген қонақтарға алдымен «Тіл – халқымның баға жетпес мұрасы» атты кітап көрмесі мен аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығының атқарған жұмыстары таныстырылды.
Мерекелік концерт Айдар Аймұрат пен Ермек Тілеуқабыловтың орындауында «Елге тілек» әнімен бастау алып, аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы сөз алып, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтады.
– Бүгінгі таңда еліміздің жүргізіп отырған сындарлы саясатының толерантты орта қалыптастыруда аса маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі. Елімізде түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің үлесінде тіл саясаты тікелей ықпал етеді. Тәуелсіздік алған уақытта мемлекеттің сындарлы саясатында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, өзге этностардың тілдерін сақтап қалуға, оқып, үйренуге қолдаулар көрсетіліп келеді – деген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Қуанышбайұлы, мереке қарсаңында еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан «Алғыс хат» табыстады. Сондай-ақ түрік ұлтының өкілі Якубов Осман Абдиламитұлы құттықтау сөз сөйледі.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөздің мағынасы тереңде жатыр. Балаларымызды өз ана тілін, елін, жерін сүйетін, Отанымыздың патриоты болып өсуін қаласақ, балабақшадағы тәрбиеден бастағанымыз дұрыс. Бүгінгі іс-шарада «Тұрсынай ана» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері «Аса таяқ» биімен сахнаның сәнін келтірсе, «Амир» тобының бүлдіршіні Бекетай Нұрай «Ана тілі» әнін орындады. №16 кәсіптік колледждің көркемсөз оқу шеберлері тіл туралы әсерлі өлең оқыса, Шардара балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Жолдасбеков Сәттібек «Көңіл ашар» күйін орындап, көпшілікке керемет көңіл күй сыйлады. Аудандық оқушылар үйінің үйірме оқушылары «Хорезм» биін биледі. Керемет кеш аудандық мәдениет сарайының әншісі Ербол Таңжардың орындауында «Қазақтай биік ел аман болсын» әнімен қорытындыланды.

Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda