ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Ең үздік жас маман−2024» байқауы өтті

Әлеумет
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін − білім» деп халқымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов айтқандай, білімді адам ғана жақсы нәтижелерге жетері сөзсіз. Мектептің жүрегі − мұғалім. Мұғалім оқушыларға білім берумен қатар, өзін де жан-жақты дамытуы өте маңызды.
Жуырда Сырдария жалпы білім беретін мектебінде жас мамандардың біліктілігі мен жан-жақты шеберлігін айқындау, оларды іскерлікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға баулу, педагогикалық тәжірибелерімен бөлісу, ғылыми қабілеттілігін жетілдіру мақсатында «Ең үздік жас маман − 2024» байқауы өтті.
Аталған байқауға 5 жыл педагогикалық өтілі бар мамандар қатысып, оған тәжірибелі, шығармашыл мамандар А.Суешов, Т.Бейсенова, А.Шойбек, Ш.Арыстанова, Ұ.Жаманқараева қазылық жасады. Байқау «Өзін-өзі таныстыру», «Педагогикалық жағдаят», «Өз өнері», «Панорамалық сабақ» кезеңдерінен тұрып, оны «Жас мамандар» мектебінің төрайымы Ұ.Жунисова мен орыс тілі пәнінің мұғалімі Қ.Ақылова жүргізді.
Тартысты өткен байқауда жас мамандар жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналды. Таныстыру кезеңінде байқауға қатысушы мұғалімдер өздері және қызмет ететін ортасы туралы қызықты етіп таныстырып өтті. Педагогикалық жағдаят кезеңінде күнделікті оқушылар, әріптестер арасындағы ситуациялардан шығу жолдары талданды. Ал өз өнерін көрсету кезеңінде ұстаздарды жаңа қырынан танылып, шығармашылық қабілетін байқатты. Панорамалық сабақ кезеңінде мұғалімдер біліктілігін, іскерлігін көрсетті.
– Құрметті қонақтар, байқауға қатысушылар! Бүгінгі байқау жоғарғы дәрежеде өтті деп баға беремін. Барлық жас мамандар өте жақсы дайындалған, әсіресе Ергеш Бақдаулеттің тәлімгерімен шығарған өлеңі өте әсерлі шықты. Мадина Зияханованың «Балалар үйінен», Н.Смайлованың қазақтың «Қыз ұзату» дәстүрі бойынша қойған сахналық қойылымдары, М.Мукашеваның эксперименттік тәжірибелері, А.Жолдасова мен А.Тұрсынованың, Қ.Балғынбаеваның панорамалық сабақтары көпшілік ойынан шықты, - деді мектеп директоры Гауһар Шарапханқызы.
Байқау қорытындысы бойынша мектеп директоры Гауһар Шарапханқызы мен оқу ісінің меңгерушісі Роза Құлымбетова жас мамандарды марапаттады.
Бас жүлдені бастауыш сынып мұғалімі Жолдасова Айнұр, І орынды орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Смайлова Назгүл, ІІ орынды физика пәнінің мұғалімі Мукашева Мөлдір, бастауыш сынып мұғалімі Зияханова Мадина, ІІІ орынды бастауыш сынып мұғалімі Балғынбаева Қуанышгүл иеленді. Сондай-ақ физика пәнінің мұғалімі Тұрсынова Ақбөпе «Сыпайы ұстаз» номинациясымен, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ергеш Бақдәулет «Көрікті ұстаз» номинациясымен марапатталды.
Жеңімпаз атанған мұғалімдерді құттықтай отырып, алдағы уақытта барлығына сәттілік тілейміз!
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda