ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Семей полигонында 33 жыл үнсіздік

Әлеумет
Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысын бастан кешкен Кеңес Одағы Қазақстанның Семей облысының бір бөлігін ядролық сынақ полигонына айналдырды. Көптеген уақыт бойы полигон жұмысы жасырын болды. Жарылыстар тұрғындарға ескертусіз жасалды. 1963 жылға дейін Семей сынақ полигонынан көзге көрінбейтін ядролық сәулелер таралды. Өсімдіктер, жануарлар үлкен зиян шекті. Адамдардың қаны бұзылып, олар түрлі ауруларға шалдықты. Қатерлі ісік, қан аурулары көбейді. Іштен өліп туу, мүгедек болып туылу, жүйке аурулары көбейді.
Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Жылына 14-18 сынақтан өтті. Олардың 116-сы жер бетінде, қалғандары әуе кеңістігінде және жер астында жасалды. Сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылғы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
Белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов «Невада – Семей» қоғамдық бірлестігін құрып, сол қозғалыстың нәтижесінде 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 42 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Бұл Тәуелсіздігіміздің теңдесі жоқ жеңісі болды.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық сынақ полигонында бұрын тұрған, тұратын, әскери борышын өтеген азаматтарды әлеуметтік қолдау туралы 1992 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Одан кейін де үкіметіміздің қаулылары негізінде қолдаулар болды.
Шардара ауданында Семейде болған жүзден астам азамат болса, олардың 54-і әскери Отандық азаматтық борышын өтеп қайтқандар. Арнайы дәрігерлік тексеруден өткен 8 азамат Ұлы Отан соғысы мүгедектерімен теңестіріліп, оларға Отан Қорғаушылар күнінде бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек берілді. Ал өзге ардагерлерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үлестірілді. Қазіргі таңда ардагерлеріміз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен түрлі санаторийлерде демалып, денсаулықтарын жақсартып қайтуда. Бірқатары Астана, Алматы қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған клиникалық госпитальда денсаулықтарын нығайтып қайтты.
Шардара аудандық орталық аурухананың басшысы тарапынан қолдау көрсетіліп, терапия бөлімінде ардагерлерімізге екі орындық арнайы палата бөлінді. Онда емделушіге қажетті барлық жағдай жасалған. Бөлім меңгерушісіі, емдеу дәрігері Гүлнәр Әбдірахановаға ардагерлеріміз ризашылығын білдіруде.
Ардагерлерімізге республикалық «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігі тарапынан медальдар тапсырылуда. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы тарапынан қолдаулар көрсетіліп, мерекелерде марапаттар берілуде. Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлерінің жұмысын жастарға насихаттап, үлгі ету мақсатында ескерткіш ашу жұмыстары қолға алынуда. Ескерткіштің эскизі дайындалып, жері белгіленіп, енді қажетті қаржы қаралуда.
Ардагерлеріміз «Арнасай» шекара заставасының сарбаздарымен, мектептермен жиі байланыс жасап, кездесулер өткізіп, жастардың отансүйгіштігін арттыруға үлестерін қосып келеді.
Ертең Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 33 жыл толады. Осы мерекемен Семей сынақ полигонында әскери борышын өтеген, сол жақтан көшіп келген азаматтарды құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ өмір отбасыларына амандық тілеймін.
Әуелбек КҮБЕНОВ -
Семей ядролық сынақ полигоны
Шардара аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Made on
Tilda