ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АУЫЛЫНЫҢ АРДАҚТЫСЫ, Асқар Спанов – 70 жаста

2025-06-04 10:50 Әлеумет
Қазақ халқы қай заманда да еңбекпен есейіп, маңдай тердің қадірін білген жұрт. Атқарған еңбегінің, төгілген маңдай терінің арқасында ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтар да аз емес. Жасынан әр салада еңбек етіп, бұл күнде еткен еңбегінің зейнетін көріп, жақында 70 жасқа толып, «Құрмет. Абырой. Бірлік» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Спанов Асқар Әбілұлы осындай ардақты ардагерлердің бірі.
Асқар, Бақтияр, Ықтияр Спановтар – 1922-1997 жылдары өмір сүрген Ұлы Отан соғысының ардагері, І және ІІ дәрежелі Отан және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен сондай-ақ «Ерен ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының иегері Әбіл Спановтың ұлдары.
Әбіл атамыз 1942 жылдың мамыр айында Бірінші Украин майданының 208-атқыштар дивизиясы құрамында барлаушы ретінде майданға кіреді. 1943 жылдың тамыз айының соңында оң аяғынан жараланып, екі апта емделіп шығады. 1943 жылы жаудың азық-түлік тиеген көлігін талқандап, алты жауынгерін жер жастандырып, біреуін тұтқындап, өлген немістердің қолдорбаларынан негізгі батальонның аса маңызды құжаттары мен орналасқан жерлері белгіленген құпия карталарын, азық-түлік тізімдерін қолға түсіреді. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Дон өзені үшін болған үш күндік аспаннан снаряд жауып, айнала отқа оранған оқ бораған қиян-кескі шайқаста, сондай-ақ Калинин мен Смоленскіні азат ету жолындағы ерлігі үшін де марапаттарға ие болады. Бірақ тағы бір барлау кезінде ауыр жараланып, №3070 әскери госпиталінде оң аяғына ота жасалып, тізесінен кесіледі. Амалсыз елге оралуға мәжбүр болады. Әбекең бір аяғының жоқтығына қарамастан елмен бірге еңбек етіп, қаншама игі бастамаларын жүзеге асырады. Саятшылық құрып, аң аулап әулетін еш тарықтырмай үш бала мен үш қызын тәрбиелеп өсіреді. Өзбекстан аумағында қалған Нұрата, Фарыш аудандарында, Тәжікстанның Ленинабад облысында, Киров ауданының Қоғалы совхозының Пірәлі фермаларында аға шопан қызметін атқарады. Ерен еңбегі үшін Алғыс хаттармен, медальдармен, төсбелгілермен марапатталған. Шымкент қаласының Қаратау ауданының Ақжайық елді мекенінде жауынгер, батыл азамат, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» және I-II Дәрежелі Отан ордендерінің иегері Әбіл Спановтың атына көше берілген.
Әке тәрбиесін алып, мектепте жүріп-ақ шабық шауып, мақта теріп, еңбекке шынығып өскен Асқар Әбілұлы мектепті бітіргеннен соң отан алдындағы азаматтық борышын Грозныйда, Ростов облысында өтеп келіп, Мақтаарал совхозтехникумына шоферлық оқуға түсіп, бітіргеннен соң Киров поселкесіндегі ДОСААФ мекемесінде 1979 жылға дейін қызмет жасады. Одан кейін Қоғалы қой совхозының «Қалпақсай» фермасында он жыл көлемінде жүргізуші болып, малшыларды аралап, күнделікті қажетті заттарын жеткізіп беріп тұрды. Әбілда Қалмұратов басқаратын Шардара ет дайындау заводына алғашқыда қасапшы болып орналасқан ол кейіннен қойма меңгерушісі болып бес жыл көлемінде, завод жабылғанша жұмыс жасады. Еңбек жолының соңғы 12 жылында Шардара аудандық газ бөлімі мен орталық ауруханада жұмыс жасаған Асекең 2018 жылы абыроймен еңбек демалысына, зейнеткерлікке шықты. Отбасында да бақытты жан. Жұбайы Нұржамалмен бірге үш қыз, үш бала тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере сүйген ата мен әже. Өткен аптада 70 жасқа толған Асқар Әбілұлын туылған күнімен құда-жекжаттары құттықтап, ұрпақтары құрмет көрсетіп су жаңа темір тұлпардың кілтін табыс етіп, мерейін асырып, қуаныш сыйлады. Ата мен анаға осындай ұрпақтарының құрметін көруден артық бақыт бар ма? Бізде Асқар Әбілұлын туылған күнімен құттықтай отырып, алда 80, 90, 100 жасыңызды ұрпақтарыңызбен бірге тойлай беру нәсіп болсын деп тілейміз.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ