ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Алаш ардақтысы атындағы төсбелгі табысталды

Әлеумет
Ол 1892 жылы Сыртқы Каспий облысы, Маңғыстау уезінің Келімберді болысының І Құнанорыс ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келді. Жалау Мыңбайұлы жоғары лауазымды қызметті қоса атқара отырып, Алаш Орда үкіметі және Алаш арыстарымен тығыз байланыс орнатып, ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен ерен тұлға. Ол қарапайым арбакеш кезметінен Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметіне дейін атқарған, қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, журналист-тілші, Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрын (бүгінгі М.Әуезов атындағы) құру туралы қаулыға қол қойған Алаштың біртуар азаматы.
Алаш ардақтысын ұрпаққа таныстырып, ерлігін дәріптеу мақсатында былтыр, Жалау Мыңбайұлының туғанына 130 жыл толуына орай Шардара қаласы Өтеғұл елдімекенінде орналасқан «Сырдария» сая-бағында Жалау Мыңбаевқа ескерткіш орнатылды.
Өткен аптада Шардара ауданына арнайы іс-сапармен Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институты қамқоршылар кеңесінің төрағасы Матаев Жаңбырбай Жәнібекұлы келіп, оны аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы қабылдады.
Кездесу барысында Қазақ елінің ірі тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбаевтың саналы ғұмыры жайында, елге сіңірген еңбегі туралы қысқаша тоқталып, Шардара қаласы, Өтеғұл елді-мекенінде Алаш ардақтысы, қоғам қайраткері Ж.Мыңбаевтың ескерткішін орнатуға қолдау көрсеткен аудан басшысына ризашылығын білдіріп, аудан әкімін «Жалау Мыңбаев» медалімен марапаттады.
Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Матаев Жаңбырбай Жәнібекұлы:
–Біздің тарихшыларымыздың зерттеуіне қарағанда сол бір кезеңдерде жүз мыңнан астам адам итжеккенге айдалды. Жиырма бес мыңдай қазақтың маңдайына біткен мықты тұлғалары, жақсы мен жайсаңдары ату жазасына кесілді. Сол қатарда Жалау Мыңбаев та бар еді. Бұл кез қазақ халқы тарихындағы ең бір талмау тұстардың бірі болатын. «Қазақтың бар болу немесе жоқ болу» мәселесі таразыға тартылған кезеңде Алаш қозғалысы өмірге келді. Оның басы-қасында Қазақ мемлекетінің дербес, тәуелсіз болғанын қалайтын азаматтар тұрды. Алайда мұның соңы не болғанын сіз бен біз тарихтан жақсы білеміз. Осы уақытқа дейін Жалау Мыңбаев сынды тарихи тұлғаның болғандығын, елге сіңірген еңбегін аға буын еміс-еміс естісе де, көбісі білмей өсті. Мектепте оқытпады. Олар туралы айтылмады. Олар туралы еңбектер жазылмады. Тәуелсіздігіміздің арқасында, ақтаңдақтардың орны толып, өткенге қайта үңіліп жатқан жайымыз бар. Ұзағынан сүйіндірсін дегім келеді, - деп сөзін қорытындылады.
Жаңбырбай Жәнібекұлы аудан әкімінің қабылдауынан кейін, аудан әкімдігінің мәжіліс залында Шардара аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиевпен кездесті.
Кездесуде Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Матаев Жаңбырбай Жәнібекұлы қала тұрғындарына Жалау Мыңбаевтың қайрат-керлігімен тереңірек таныстырды.
Қазақ елінің тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлының мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Муталиев, Жалғасбай Талғат Серікбайұлы, Қуандықов Бақытжан, Тілеуімбетов Базарбай Нысанбайұлы, Аждурлиев Вали Кемаловичтерді «Жалау Мыңбаев» медалімен марапаттады.
Сонымен қатар Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі салалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Базарбай Тілеуімбетов бірқатар азаматтарға «Жеті жар-ғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Б.Тұрғараевтың атынан берілген «Амангелді Төлеевтің 80 жылдығы» медалі табыс етті.
Шардара аудандық мәслихат төрағасы Б.Мутәлиев Маңғыстаудан келген қонақтарға Шардара қаласының Өтеғұл елдімекенінде орналасқан «Сырдария» саябағындағы Жалау Мыңбаевтың ескерткішін көрсетіп, маңғыстаулық қонақтармен естелікке суретке түсіп, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Матаев Жаңбырбай Жәнібекұлына алғысын жеткізді.
А.ТӘЖІ
Made on
Tilda