«Жомарттың қолы ашық, жүрегі кең» демекші, Қоссейіт ауылдық округіндегі “Сырдария” жалпы білім беретін мектебінің 2005 жылғы түлектері (1988 жылы туғандар) мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай үлкен қайырымдылық іс жасады. Олар ауыл тұрғыны Құрбанов Бақтыбай Пердебайұлына үш бөлмелі тұрғын үй сыйлап, сауапты амалдың жарқын үлгісін көрсетті. Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, баспаналы болған отбасыға жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, ел игілігі жолында жұмыла жұмыс атқарған түлектерге аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. – «Құрметті Қоссейіт ауылының тұрғындары мен қадірлі түлектері! Сіздердің бірлік пен ынтымақпен атқарған игі істеріңіздің нәтижесінде бір отбасы шаттыққа бөленіп отыр. Осындай азаматтық әрекеттер елдің берекесін арттырады. Баршаңызға зор ризашылығымызды білдіреміз», – деді Б.Төребеков өз сөзінде. Салтанатты жиын барысында Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар мен ауыл биі Бауыржан Төлегенов те сөз сөйлеп, түлектердің бұл игі қадамына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Осындай жүрек жылуын тудыратын қайырымды істер – жастарға өнеге, елге үлгі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, елдің ертеңі үшін атқарылған бұл игілікті іс көпке үлгі болары анық. «Шартарап–Шарайна» – ақпарат