ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Әлеумет
Көктемнің соңғы күндері – мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше қуанышқа толы сәттер. Жыл сайын дәстүрге айналған «Соңғы қоңырау» мерекесі – шәкірт өмірінің бір белесімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басар ерекше күн. Биыл бұл әсерлі сәт Шардара өңіріндегі барлық мектептерде 2025 жылдың 23 мамыры күні сағат 10:00-де салтанатты түрде өтеді.
Түркістан облысы білім басқармасының 2025 жылғы 3 мамырдағы №25/2977 хатына сәйкес, биылғы оқу жылы 23 мамырда ресми түрде аяқталады. Осыған орай, Шардара аудандық білім бөлімі барлық білім беру мекемелерінде «Соңғы қоңырау» шарасын бір мезетте ұйымдастыруды ұсынады. Сонымен қатар, осы күні «Білімім – Отанымa!» тақырыбында сынып сағаттары өткізіліп, шәкірттер арман-тілектерін эссе жазу арқылы өрнектейді.
Биылғы оқу жылында Шардара ауданы бойынша 9-сыныпта 1604 оқушы білім алса, оның 163-і үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сыныпты 1335 түлек аяқтап отыр. Олардың ішінде 85-і – үздік аттестатқа, 95-і – «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. Бұл – ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегінің жарқын нәтижесі.
Соңғы қоңырау – қоштасу ғана емес, жаңа өмірдің, үлкен арманның бастамасы. Мектеп қабырғасында өткен әрбір сәт, ұстаздың әрбір өнегелі сөзі шәкірт жадында мәңгі сақталары анық. Шәкірт – шырақ болса, ұстаз – сол шырақты жағатын жан.
Мерекелік салтанатта, оқушылардың қауіпсіздігін сақтау – басты назарда болуы тиіс. Осыған байланысты Шардара аудандық білім бөлімі тарапынан бірқатар шаралар қабылданды. Сол себепті соңғы қоңырау мен басқа да мерекелік іс-шаралар кешкі сағат 19:00-ден кешіктірмей аяқталуы тиіс және мерекелік кештерді үйде, кафелерде өткізуге қатаң тыйым салынады.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйым-дастыру үшін үйірме, спорттық және шығармашылық секциялар жұмысы жандандырылады және «Кешке дейін үйде бол» акциясы учаскелік инспекторлар және ата-аналар комитетімен бірлесіп ұйымдастырылады.
Іс-шаралар барысында кезекші мұғалімдер қатысып, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, түнгі уақытта оқушылардың көшеде жүруіне жол берілмеуі қадағаланады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 11-бабына сәйкес, күннің жылынуына және оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылар өмірі мен техника қауіпсіздігі талаптарымен қайта таныстырылуы қажет. Атап айтқанда:
Рұқсат етілмейтін аймақтарда жүруге, жалғыз жайылымдық жерлерге, күл-қоқыс маңына баруға тыйым салынады;
Өрт қауіпін тудыратын құралдарды немесе тұрмыстық заттарды қолдануға жол берілмейді;
Жолда жүру ережелері түсіндіріліп, оқушыларға сақтық шаралары үйретіледі;
Қоғамдық, мәдени, спорттық іс-шараларға мектеп директорының рұқсатынсыз қатысуға болмайды.
Барша шәкірттерге жарқын болашақ, армандарға бастар ақ жол тілейміз! Сыңғырла, соңғы қоңырау – бұл үміт пен сенім үні, жаңа өмірге бастар асыл шақ!
Ж.МҰСАТАЕВА,
Түркістан облысының білім басқармасы
«Шардара аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы.
Made on
Tilda