ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Шардаралықтар су басқан өңір тұрғындарына қол ұшын созуда

Әлеумет
Шардара, Қызылқұм (қазіргі Отырар) аудандарының малды ауылдары тұратын Қызылқұм қойнауында болған 1969 жылдың қатаң қысы жайлы қариялар болмаса, жастарымыз біле бермейді. Үсті-үстіне жаңбыр араласып жауған қар жерді қатырып тастап, қиғақ болған мал қорадан сыртқа шыға алмай қалды. Әскерилер арнайы көліктермен малды ауылдарға жол ашып, тұрғындарға қажетті азық-түлік пен малға қажетті жем-шөп жеткізілді. Жем мен шөп ұшақтармен де жеткізілді.
Дегенмен қыс қыстығын жасады. Кейбір шопандар отарындағы 700-800 мал басынан жүз қой, кейбірі «шопан таяғын» ғана ұстап, өздері әрең аман қалды. Жер қатып қалғандықтан еріген қарғын су жерге сіңбей су басқан көптеген шопандардың киіз үйлері қырлы жерге көшірілді. Байланыс тек рациямен ғана атқарылды. Сол кезде құм ішінде де су көлдейді екен-ау дегенбіз көзбен көріп.
Биыл еліміздің Шығыс, Солтүстік, Батыс өңірлерінде қар қалың жауып, қатып қалған жерге қарғын су сіңбей ауылдарды ғана емес қалаларымызды да су басты. Кейбір өңірлерде таудағы қардың кеш еруіне байланысты екінші, үшінші рет қарғын су басу қаупі де болып жатыр. Малынан айырылып, үйлері су астында қалып, эвакуацияланған азаматтарға мемлекетіміз болып, еліміз болып көмек көрсетуде.
Бұл шарадан ауданымыздың халқы да шет қалмай әркім шама-шарқына қарай қол ұшын созуда. Аудан басшысы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен, аудандық орталық мешіт пен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» КММ ұйымдастыруымен дайындалған 30 тонна азық-түлік пен тұрмысқа аса қажетті заттар Атырау облысына жөнелтілді. Ұзақ уақыт сақтауға болатын азық-түлік, киім-кешектермен қатар екі қайық, мыңдаған қаптар мен күрек, қолғаптар және басқа да заттар да бар.
«Біз су басқан өңірлердің халқымен біргеміз» акциясына ауданның жеке азаматтары, кәсіпкерлері, сауда орындары, ауыл округтері мен мекемелер қатысып, қаржы жинап, үлестерін қосуда.
Орталық мешіт жамағаты 2,5, Шардара су электр станциясы, Сүткент, Ұзын ата, Көксу ауыл округінің Сырдария (бұрынғы Қазанның 50 жылдығы атындағы совхоз) 1,0 миллион теңгенің, өзге ауылдар да 500-700 мың теңгенің қажетті заттарын әкеліп қосты. Бұл істе «Керуен», «Береке» секілді ондаған сауда орындары да қалыс қалмады. Ақбала шағын ауданынан заңгер Изатулла Құрманбай «тасаттыққа» жиналған қаржыға қосып ауыл тұрғындарының жинаған қаржысын әкеліп қосты.
Шардара-Алматы бағытына қатынайтын «Минивен» шағын автобустар ұжымы дайындалған заттарды жеткізуге арнайы көлік бөліп, Ахан Жаппарқұлов пен Ұлан Шынтаев Атырауды бетке алып, жолға шықты.
Оларды ұзақ жолға шығарып салған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов, Майқала шағын ауданының биі Таңсықбай Сақовтар сапарларына сәттілік, су басқан өңірдің азаматтарына амандық тілеп, акцияға үлес қосқан барша шардаралықтарға алғыс білдірді.
Су басқан өңір тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету әлі жалғасуда.
Made on
Tilda